Current Date: 14-03-2025

Стратегиялық өңірдің серпінді жобалары

Байырғы «Жібек жолын» қалыптастырған елдер арасындағы сауда-саттық, алыс-беріс бүгінгі нарық заманында жаңаша сипатта дамып отыр. Бұл тұрғыда Каспий теңізінің жағалауында орналасқан портты өңір – Маңғыстау даласының орны ерекше. Автомобиль, әуе және су жолдарын дамыту – өңірдегі басым бағыттардың бірі.

Аймақта туризмді дамыту өзектілігі де бірнеше ірі инфра­құрылымдық жобаны жүзеге асыруға негіз болып тұр. Автокөлік жолына қатысты жоба­ның бірі – Мемлекет бас­шы­сы­ның тікелей тапсыр­ма­сы аясында басталған жер­гі­лік­ті маңыз­дағы Ақтау – Форт-Шевченко авто­мобиль жо­лын жөндеу жоба­сы. Жобада Түп­қараған ауданы­ның орталығы Форт-Шевчен­ко қаласын облыс ор­талығы Ақтау қаласымен бай­ланыс­ты­ра­тын күре жолдың қауіпт­і жол учас­келерін жөндеу, яғни 43-73 ша­қырымдық жол учас­ке­сін реконструкциялау қарас­тырылған. Бұл Түпқараған ауда­ны тұрғындарының көптен бері қаузап келген мәселесі еді.

Маңғыстау тұрғындарының күтіп жүрген жаңалығының бірі – Бейнеу – Шалқар автожолының құрылысы. Қазір аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр. Трассадан өтудің бірнеше нұсқасына талдау жүргізіліп, оның ішінде қашықтық бойынша ең қысқа, тиімді және шығындар бойынша оңтайлы Бейнеу – Шалқар және Бейнеу – Бегімбет – Сексеуіл – Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі бағыты таңдалған. Мамандардың айтуынша, аталған учаскенің құрылысы қолданыстағы «Трасека» бағытын 900 шақырымға дейін және ҚХР-дан Ақтауға дейінгі жүктерді жеткізу мерзімін екі тәулікке дейін қысқартуға мүмкіндік тудырады. Бұл бағыт экономикалық тұрғыдан ыңғайлы орналасқан және теміржол бойындағы елді мекендердің дамуына серпін береді. Осы бағыт бойынша мемлекеттік сараптама алғаннан кейін, Көлік министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен келісім бойынша қаржыландыру көзін анықтап, жобалау-сметалық құжат­таманы әзірлеу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Маңғыстау облысында 2021 жылы республикалық маңызы бар ұзындығы 64 шақырымды құрайтын Құрық – Жетібай автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қазір жөндеу жұмыстары нәтижесінде 40-64 шақырым толығымен аяқталып пайдалануға берілсе, 0-40 шақырым жол бөлігіне биыл қыркүйек айына дейін 40 шақырым қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон төселіп, нысан қолданысқа ұсынылмақ.

в

Әуе жолына қатысты авиациялық инфрақұрылымындағы маңызды нысан – «Кендірлі курорттық аймағында әуежай салу жобасы». Ол үшін Кен­дірлі жерінен көлемі 599,0 гектар жер учаскесі таңдалды. Құрылыс жұмыс­тары жақын­да басталуға тиіс.

Туристік Маңғыстауға пойыз арқы­­лы келетін жолаушы саны жылдан-жыл­­ға артып жатыр. Жолаушыларға, қонақ­­тар­ға сапалы қызмет көрсетумен бірге қолайлы жағдай жасау маңызды. Мұнайлы өлкенің бас қаласы – Ақтауға теміржол арқылы келетін қонақтарды қарсы алатын вокзалдың жағдайы көңіл көншітпейді. Жаңғырту мәселесі тек Ақтауға, яғни пойыз тоқ­тайтын Маңғыстау стансасына ғана емес, тоғыз жолдың торабы Бейнеу вокзалына да қатысты. Қазір облыс әкімдігімен жергілікті бюджет есебінен «Маңғыстау» теміржол вокзалын реконструкция­лау жо­басын іске асыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзір­леніп, 2024 жылы күзде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған жоба қаржы­лан­­дырылған соң құрылыс-монтаж жұ­мыс­­тары басталады.

Теңіз жолына қатысты айтар болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) базасында контейнерлік хаб құру жұмысы жалғасып жатыр. АЭА аумағында хаб нысандарын орналастыру үшін резервтелген ауданы 19 гектар жер учаскесіне контейнерлік хаб салу құрылысын 2025 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланған. Жобаның әлеуетті инвесторы – қытайлық Ляньюньган порты. Қазіргі уақытта тік жоспарлау құрылысын іске асыру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарт бойынша жұмыс қолға алынған.

Маңғыстаудағы Құрық портында іске асырылып жатқан инфрақұры­лымдық жобалардың бірі – «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалын салу жобасы. Қазір терминал ішінара іске қосылған. Құрық портының құрамына кіретін «Ерсай» теңіз терминалы 300 тоннаға жететін алғашқы екі құрғақ жүкті қабылдап та үлгерді.

«Ақтау теңіз портының акватория­сында теңіз түбін тереңдету» жобасы аясында 2025 жылы Ақтау портының акваториясында түбін тереңдетудің I кезегі өткізілмек. Бұл Каспий теңізі деңгейі төмендеуінің ағымдағы динамикасын сақтай отырып, порт акваториясында қауіпсіз теңізде жүзу және айлақтарда кемелерді тұраққа қою үшін қажетті навигациялық тереңдікті келесі 3-4 жылға қамтамасыз етеді. Теңіз деңгейі одан әрі төмендеген жағдайда түбін тереңдетудің II кезегі жүргізіледі. Мұндай тәсіл Ақтау портында түбін терең­дету жұмыстарын жүргізу кезін­де қаржы-қаражатын неғұрлым ұтым­ды пайдалануға мүмкіндік береді. Жоба бойынша жобалау-сметалық құжат­­таманы әзірлеу аяқталды. 2024 жылы Құрық портында да теңіз түбін терең­дету жұмыстары жүргізілді», дейді Маңғыстау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қар­масы басшысы Дайбек Қалиев.

Басқарма басшысының айтуын­ша, Темір Баба және Тәжен өткізу пункт­терінде жайлылық пен жарақтан­дыры­лу­ды заманауи талаптарға сәйкестен­діру мақсатында «жаңғырту және техни­калық жете жарақтандыру» жобасы іске асырылып жатыр. 2023 жыл­ғы наурызда басталып, 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған жаңғыртудан кейін пункттің өткізу қабілеті 8 есе артпақ. Сонымен бірге өткізу уақытын 1 сағаттан 25 минутқа дейін қысқарту межеленіп отыр.

Қарым-қатынастың әр бағыты – әуе, автомобиль және теңіз жолына қа­тыс­ты ауқымды инфрақұрылымдық жоба­лар өңір келешегін жарқын ете түспек.

Маңғыстау облысы