Current Date: 15-03-2025

Трамп бейбітшілікті талқылау үшін Ресейге елшілер аттандырғанын айтты

Дональд Трамп АҚШ өкілдері Украинадағы атысты тоқтату шарттарын талқылау үшін Ресейге аттанып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды Bloomberg агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Дәл қазір, біз сөйлеп тұрған сәтте, біздің адамдарымыз Ресейге бет алды және біз Ресейді атысты тоқтатуға келістіре аламыз деп үміттенеміз", — деді Трамп.

Оның сөзінше, Украинамен атысты тоқтату келісімін алу үшін Путинге қысым көрсетудің қажеті жоқ деп үміттенеді.

"Егер бұл қолымыздан келсе, менің ойымша, біз осы жантүршігерлік, қанды қырғынды тоқтатуға 80 пайыз қадам жасаған боламыз", — деді Дональд Трамп.

РБК агенттігінің хабарлауынша, сол брифингте Трамп мәселенің оң шешілетіні туралы белгілер барын айтқан.

"Мен оң пікірдегі хабарламалар алдым. Дегенмен, ол әзірге ештеңені білдірмейді", — деді АҚШ президенті не туралы айтып жатқанын нақтыламай.

Сонымен қатар, басылымның хабарлауынша, бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу қандай да бір шешім қабылдамас бұрын АҚШ-тан Украинамен келіссөздердің егжей-тегжейін күтіп отырғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, Кремль Сауд Арабиясындағы кездесу қорытындысы бойынша жасалған мәлімдемелерді мұқият зерделеп жатыр.

"Осы күндері америкалықтармен жоспарланған біздің кездесу бар, сол кезде біз толық ақпарат аламыз деп күтеміз", — деді Путиннің баспасөз хатшысы.