Отандық қант қызылшасын өндіретін шаруалар табыссыз, зауыттар жаңғырусыз қалуы мүмкін.
Сенат депутаты Закиржан Кузиев өзінің депутаттық сауалында осылай деп дабыл қақты. Айтуынша, қант қызылшасының егіс алқаптары мен өнімділігі артып келеді. Алайда оны өндіретін зауыттар жиналған өнімді өңдеуге үлгермей жатыр. Өйткені төрт қант зауытының үшеуі ғана жұмыс істейді. Былтыр 1,2 млн тонна қант қызылшасы жиналған. Бірақ соның тек 608 мың тоннасы ғана өңделді. Қалған бөлігі алқапта қалып қойған, не өңдеу үшін Қырғызстанға жөнелтілді. Себебі зауыттардағы жабдықтар әбден тозған. Кейбірі тіпті ғасырға жуық қолданыста болды. Мәселен, Тараз қант зауытында, әлі күнге дейін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі биыл қант қызылшасының егіс алқабын 25 мың гектардан 17 мың гектарға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Депутат бұл фермерлерге үлкен соққы болады деп отыр. Себебі олар мемлекет ұсынған ұзақ мерзімді бағдарламаға сүйеніп, алдын ала техника сатып алып тіпті мамандар даярлап қойған.
Закиржан Кузиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл олқылықтар оңалмаса қант саласы дағдарысқа тап болуы мүмкін. Сондықтан бұны елеусіз қалдыруға болмайды. Осыған байланысты 2026 жылға арналған қант саласын дамыту жөніндегі Кешенді жоспардың орындалуын қатаң бақылауға алу қажет. Жамбыл және Жетісу облыстарында шағын қайта өңдеу зауыттарын салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Сондай-ақ Тараз қант зауыты иелерінің инвестициялық міндеттемелерін орындауын тексеру керек. Егер біз дәл қазір әрекет етпесек, бұл стратегиялық маңызды салаға бақылауды мүлде жоғалтып алуымыз мүмкін.