Current Date: 14-03-2025

Қазақстан мен Өзбекстан сауда айналымын $10 млрд-қа жеткізбек

Қазақстан мен Өзбекстан арасында өңірлік байланыс өрістеп келеді, деп хабарлайды 24KZ. Ал шекаралық өнеркәсіптік кооперация алыс-берісті арттыруға септігін тигізбек. Былтыр екі ел өзара 4,5 миллиард долларға сауда жасаса, соның бір парасы өңірлердің үлесінде. Қазір өзбек кәсіпкерлері өндірістік әлеуетті нығайтып, қарапайым заттар шығаруға бейімделіп жатыр. Ал Қазақстанның бизнес өкілдері Өзбекстанның тұрғын үй саласы мен қаржы секторына инвестиция салуға басымдық беріп отыр.

Қазақстанда өзбек кәсіпкерлерінің қатысуымен 1400 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал бұл елде қазақ капиталы құйылған 1200-дей компания бар. Шекаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы ашылған жағдайда экономикалық көрсеткіштердің еселенері анық. Себебі 100 гектар аумақта орналасатын алып кешенде түрлі өндіріс орындары пайда болады. Мыңдаған адам жұмыспен қамтылады.

Бахтиёр Исламов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

- Көп ретте екі мемлекет президенттерінің ойлары бір жерден шығып жатады. Бұған біз бек қуаныштымыз. Соның нәтижесінде Қазақстанмен Өзбекстанның байланыстары жаңа деңгейге көтерілді. Тауар айналым 4,5 млрд доллардан асты. Қазақстан Өзбекстанның экономикадағы серіктесі жөнінен Қытай мен Ресейден кейін тұр. Яғни үштікке енеді. Екі елде жүргізіліп жатқан саяси экономикалық реформалар өз нәтижесін беріп отыр.

Қазақстандық компаниялардың Өзбекстанның тұрғын үй нарығында үлесі басым. Коммерциялық нысандар салып, бірқатарын қолданысқа берді. Ал қаржы секторындағы қазақстандық банктің несиелік портфелі мен активтері 5 жыл ішінде 600 млн доллардан асты. Ел бойынша 20-ға жуық өкілдік жұмыс істейді. Банк тұтынушыларға заманауи қызметтер ұсынып, маркетплейс сервистерін енгізді.

Саидмұхтар Саидқасымов, Орталық Азия халықаралық институты басшысының кеңесшісі:

- Парламенттік кездесулердің де маңызы зор. Олар екі елдің байланыстарын заңнамалық тұрғыдан қолдап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қзақстан мен Өзбекстанның достығы бекемдеген сайын халықтар арасындағы бауырластық нығаяды. Екі елдің қазіргі алыс-берісі, барыс-келісі әлемдік геосаясатта көп елге үлгі дер едім.

Айта кету керек, қазір негізгі экспортталатын тауардың көшінде ауыл шаруашылығы өнімдері тұр. Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізуді көздейді. Оған толықтай мүмкіндік те бар. Қазір екі елдің үкіметаралық, парламентаралық комиссиясы кедергілерді жою бойынша бірігіп жұмыс атқарып жатыр.

Авторы: Дулан Нуркин