Current Date: 14-03-2025

Шымкентте тұратын соғыс ардагері 101 жасқа толды

Шымкентте тұратын Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Нина Мосунова 101 жасқа толды, деп хабарлайды 24KZ. Ғасыр асқан кейуананы құттықтауға қала тұрғындары жиналды. Жасы жүзден асқанына қарамастан Нина әжей әлі тың. Жаңалықты қалт жібермейді.

Нина Мосунова қонақтарды құшақ жайып қарсы алды. Ғасырдан асқан жасында көрген, түйгені мол абзал жан бәрінен де өмірдің қымбат екенін айтудан жалықпайды. «Ең басты байлық – денсаулық пен бейбіт атқан таңымыз», – дейді ол.

Соғыс басталғанда Нина Мосунова небәрі 17 жаста еді. Майданға алдымен әкесі аттаныпты. Араға бір жыл салып жас қызға шақырту келеді. Зерек бойжеткен радист мамандығын меңгеріп, бірден бөлімше командиріне тағайындалған. Сұрапыл жылдардың жаңғырын жадынан шығарған емес. Жалпы соғыс туралы әңгімені көңілі қаламайды, тек Жеңіс атты сүйінші хабар мәңгі есінде қалыпты.

Лариса Паречнева, немересі:

- Жұрт ұйқыға кеткенде соғыс аяқталды деген хабар келген. Менің әжем есіктерді қағып, бәрін оятыпты. Ол соғыстың біткенін жылап жүріп жариялаған. Құрбылары ақжолтай хабарды естігенде жүректері жарылардай қуаныпты. Бір-бірін құттықтап, мәре-сәре болған. Қыздардың кейбірі тіпті сенбей, Нина сен әзілдеп тұрсың деген екен.

Нина Егорқызы бүгін ұзақ өмір сүруінің сырымен бөлісті. Ғасыр жасаған кейуананың айтуынша, ешқандай құпия жоқ. Өмірді сүйіп, әр күніңді қуанышпен қарсы алу жеткілікті. Жақсылық жасауды да ұмытпау керек. Ерлік пен батылдықтың символы болған қайсар жанның ізгі жолы кейінгі ұрпаққа өнеге.

Нина Мосунова «Отбасым – басты байлығым» деген қағидамен өмір сүреді. Уақыт өзінікін алмай қоймайды. Әйтсе де немере-шөберелерінің ортасында жақындарының махаббатына бөленіп отырған жайы бар. «Арманым жоқ, бақыттымын», – дейді қарт майдангер.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашыбекұлы