Current Date: 14-03-2025

"1915 жылы дүниеге келген": Көрісу күнінде Ақтөбе облысының әкімі 110 жастағы әжеймен жүздесті (фото)

Көрісу күнінде Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров 110 жастағы тыл еңбеккері Жәкібай Бисенғалиеваның үйіне барып, қарт кісімен жүздесті, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Асхат Шахаров әжей мен оның отбасын Көрісу күні мерекесімен құттықтаған.

"Сіз көптеген сынақты бастан кешірдіңіз, соған қарамастан жүрегіңіз мықты. Өзіңізден мейірімділік пен жылулық есіп тұр. Данагөйлігіңіз, ақыл-кеңесіңіз бен қолдауыңыз берік отбасылық дәстүрдің негізі болып отыр. Әр күн сізге қуаныш пен бақыт әкелсін, жақындарыңыз қамқорлығына бөленіп жүре беріңіз", — деді аймақ басшысы.

Жәкібай Бисенғалиева – тағдырдың талай ауыр сынағын басынан өткерсе де, мойымаған жан. Ол 1915 жылы дүниеге келген. Ұзақ жыл қазіргі Хромтау ауданында тұрған. Ол қамбада астықты таразылаудан бастап, тракторды тізгіндеуді жетік меңгерген. Кітапханашы, сауыншы болып жұмыс істеген. Сұрапыл соғыс жылдарында еш қиындыққа қарамастан, майданға көмектесу үшін жұмысын тастамаған.

Жолдасы Ғабит Бисенғалиев соғыстан елге І топтағы мүгедек болып оралған. Ол 1993 жылы өмірден өткен. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп, өсірген. Жәкібай Бисенғалиеваны 74 жасында балалары мен немерелері қалаға көшіріп әкелген. Қазір қария немересі Данияр және оның отбасымен бірге тұрады. Әжейдің үш немересі мен жеті шөбересі бар.

Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде Ақтөбеде 100 жастан асқан екі адам тұрады. Сәуір-мамыр айларында тағы бес ақтөбелік ғасырлық мерейтойын атап өтеді.