Жоғары білікті реаниматолог дәрігер Шымкенттен Астана қаласына бағыт алған ұшақта жолаушының өмірін сақтап қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, Шымкенттен Астана қаласына бағыт алған Fly Arystan әуекомпаниясының рейсінде төтенше жағдай болып, 20 жастағы студент есінен танып қалған. Дабылға бортсеріктер бірден жауап беріп, олар борттағы дәрігерлерді көмекке шақырған.
Көмекке жоғары білікті маман реаниматолог, "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ жаңа туған нәрестелердің анестезиологиясы, реанимациясы және қарқынды терапиясы бөлімшесінің меңгерушісі, нейрохирург және кардиолог Нұрсұлтан Әуелбекұлы Құрбанбеков келген.
Пациентті қарап-тексеру кезінде ол әлсіз импульсті және қан қысымының нөлдік деңгейге түскенін анықтаған, бұл ауыр жағдайды көрсеткен. Дәрігерлердің жедел үйлестірілген іс-қимылдарының арқасында қыздың жағдайы бірнеше минуттан кейін айтарлықтай жақсарған.
"Анамнезде қандағы гемоглобин деңгейі небәрі 61 екендігі анықталды және қыздың айтуынша, ол емделмеген, бұл есін жоғалтудың себептерінің бірі болуы мүмкін. Осыған байланысты дәрігерлерден әрі қарай тексеру және осындай жағдайларға әкелуі мүмкін ауруларды болдырмау үшін мамандардан консультация алу ұсынылды", — делінген ДСМ хабарламасында.
Айта кетейік, елімізде медицина мамандарының ұшақ бортында жолаушылардың өмірін сақтап қалатын жағдайлар жиі кездеседі.
Осыған дейін Астана медицина университетінің интерні Қызылорда-Астана рейсі жолаушысының өмірін сақтап қалған еді. Кейін осы университеттің тағы бір түлегі, астаналық дәрігер ұшақ бортында хәлі нашарлаған егде адамға көмек көрсеткен болатын.
Сондай-ақ жетісулық дәрігер қажылықтан елге қайтып келе жатқан азаматты құтқарып қалған еді.