Current Date: 14-03-2025

Қ. Тоқаев: Тәрбие мен білім қатар жүруі тиіс

Ұлттық құрылтайдың отырысы барысында Президент тұрмыстық-зорлық зомбылық деректеріне де назар аударды.

Оның сөзінше, биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Былтыр барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Дегенмен, кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда, деді Президент. Тағы жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отырғанын сынға алды. Осы ретте мемлекет басшысы «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдауды ұсынды. Тағы Президент осы күнге дейін ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болмағанына назар аударып, біліммен қатар тәрбиеге де көңіл бөлуге шақырды.

ЦИТАТА

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Бұл құжатты алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынып отыр. Мен бұл ұсыныспен толық келісемін.