Current Date: 15-03-2025

"Қараңғыда жұмысқа бармайтын болдық": Риддер қаласында жұмыс уақыты бір сағатқа шегерілді

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында жұмыс уақыты енді сағат 08.00-де басталады, деп хабарлайды Kazinform.

Агенттіктің жазуынша,кеншілер шаһарында мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар және әлеуметтік қызметтер үшін жұмыс кестесі өзгерді. Енді жұмыс күні сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін жалғасады. Ал түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін белгіленді.

Риддерліктердің пікірінше, жаңа жұмыс кестесі ыңғайлы.

"Бұл – дұрыс және уақтылы шешім. Біріншіден, таңертең қараңғыда жұмысқа бармайтын болдық. Екіншіден, таңғы уақытта өнімділік жоғары, жұмыс істеу жеңілірек әрі жылдамырақ", — дейді қала тұрғыны Ляззат Шаяхметова.

Риддер қаласы әкімінің орынбасары Болат Акужанов жаңа жұмыс кестесі тұрғындармен мұқият талқыланғанын атап өтті.

"Біз жергілікті халықпен бірқатар кездесу өткізіп, бұл мәселені жіті талқыладық. Қала тұрғындары бастаманы қолдады", — дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы түгелдей жаңа жұмыс кестесіне көшкенін хабарлаған едік. Нақтырақ айтқанда енді 11 ауданда жұмыс күні таңғы 08:00-де басталып, кешкі 17:30-да аяқталады.

Бұл бастама еңбек үдерістерін оңтайландыруға және аймақтың климаттық жағдайларын ескере отырып, жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Алайда бұл өзгеріс мектептердің, балабақшалардың және медициналық мекемелердің жұмысына әсер еткен жоқ.