Current Date: 15-03-2025

Ұлттық құрылтай ортақ мақсат пен игі істерге жұмылдырады

Абылай ханның ақ туы тігілген қасиетті Көкше жерінде, бауырмал Бурабай баурайында Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы жоғары деңгейде өтті. 2022 жылдан бері елдің болашағын айқындайтын стратегиялық институттың біріне айналған жиында қоғамдағы ең өзекті мәселелер талқыға түсіп, елдің келешек дамуы мен өркендеуіне бағыт-бағдар беретін тың ұсыныстар ортаға салынды.

Түсіністік бар жерде келісім бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен жиналған жұртшылықты Амал мерекесі­мен құттықтап, Әз-Наурыз­дың бастауы саналатын бұл күннің қасиетті Рамазан айына орайлас келіп отырғанын айтты.

«Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым. Оны жақсы білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыт­тарда маңызды реформалар жасал­ды. Жергілікті билік түбегейлі жаңғыр­тылды. Үш жылдан аса уақыт ішінде ауыл әкім­дерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды», деді Президент.

см

Сондай-ақ ол биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтынын, түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы да өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін бергенін жеткізді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланғанын айтты. Президент ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын, жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырғанын тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиын алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың рәмізіне айналғанын, қоғамдық диалогтің жаңа үлгісі қалып­тасып, өзара түсіністік пен құрмет бар жерде келісім болатынын да айтты.

Әділ салық жүйесін құру маңызды

Отырыста Мемлекет басшысы, ең алдымен, қоғамда қызу талқыға түскен салық реформасына қатысты пікірін білдірді.

«Салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік жүйе­нің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мем­лекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеу­меттік міндеттемелер де орындалмайды. Бұл туралы белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мем­лекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүм­кін. Сондықтан реформаның мәнін әр адам­ға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдер­ді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеу­меттік факторлар ескерілген. Кәсіби ма­ман­­­д­ар да, жалпы жұртшылық та қосым­ша құн са­­лы­ғының мөлшерлемесін көтеру қа­жет­тігіне түсіністікпен қарайды», деді Президент.

Ол ұсынылған шараларға, соның ішінде қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалып жатқанын, бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмегенін айтты. Сондай-ақ түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес екеніне, алайда еліміздің бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде екеніне тоқталды.

«Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғас­тырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндеті­міз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пай­далануға, әсіресе алаяқтыққа жол беріл­мейді. Сондықтан басымдық берілме­ген жо­баларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс.

Қазақстанда түрлі салық режімі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі не­гізгі тобы пайда болды. Олар – заңнама­дағы олқылықтарды пайдаланып, салық салы­натын табысын өзі үшін азайтып көрсе­те­тіндер және барлық салықты адал төлей­тін­дер. Кә­сіп­керлердің осы екінші тобы бәсекеге тө­теп бере алмай жатыр. Үкімет салық тө­леу­ден жал­тару үшін бизнесін бөлшектей­тін­дер­­дің әрекетіне орынды назар аударды. Өкініш­ке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған.

ап

Заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөл­шектеуге жол беріп отырғанын мойын­дау керек. Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жете мән бермеген. Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі мил­лионнан аса салық төлеуші, яғни жеке кәсіп­керлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар еке­ніне, қалай пайда болғанына, қанша са­лық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ қазір құр кінәлаудан іс оңға баспайды.

Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек. Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн. Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше, Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс. Олар тиісті артықшылыққа ие болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент салық реформасы шең­берін­де батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек екенін, әйтпесе бұдан да зор қиын­дыққа тап болатынымызды ескертіп өтті.

Мемлекет басшысы бұдан әрі бірың­ғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікір­талас­қа тоқталды. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылап, арнайы зерттеулер жүргізілгенін, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталмағанын айтты.

«Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», деді Президент.

Қоғамды алаңдатқан түйткілдер

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар қоғам белсенділері тарапынан көтерілген қоғамдық әдеп мәселесін қозғап, әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кеткенін, жалған мәлімет таратушылар да бар екенін сынға алды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүргенін тілге тиек етті.

«Құрылтай мүшелері Дания Қыдыр­баева және Олжас Сүлеймен жат діни ағым­дар­дың жастар арасында, әсіресе спорт сала­­сында ықпалы күшейіп бара жатқанын айт­ты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идео­логияларға тосқауыл қою қажет екені­не еш күмән жоқ. Елімізде дін бостан­ды­ғы­на кепілдік берілген. Бірақ жүген­сіз­дікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмай­ды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлт­ты ұйыс­тыру. Діни ұйымдардың қызметін рет­тей­тін құ­жаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәсе­лені жан-жақты қарау керек. Соның ішін­де заң­наманы жаңа жағдайға бейімдеп оты­ру өте маңызды», деді Мемлекет басшысы.

Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мүшелерін алаңдатқан тағы бір жайт – түрлі алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткенін жеткізді. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жарататынын, сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегіп жатқанын айтты.

«Бұған қоса қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтер мен «коуч­тар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс.

Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыс­пен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңыз­ды идеологиялық құрал екенін бәрі­міз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қар­жыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастырған жөн.

Сондай-ақ жақсы мысалдар да бар. Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұр­паққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәли­ханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туын­ды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлт­тық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дұрыс бағытта дамыту мәселесін қолға алу керек», деді Президент.

па

«Қазақстан балалары» атты бағдарлама қабылданады

Мемлекет басшысы өзіне белгілі адвокат Айман Омарова хат жолдап, әйелдер колониясындағы ахуалға тоқталғанын, әсіресе, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударғанын айтты. Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісетінін жеткізді.

«Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей. Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек», деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев біртіндеп бар­лық салада ауқымды реформалар мен нақты өзгерістерді жүзеге асырып жат­қанына тоқтала келе оның бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалатынын айтты.

«Бұл жердегі түпкі мақсат – барлығын өзгерту емес. Ең бастысы – атқарылып жатқан шаруаны оңтайландырып, оның тиімділігін арттыру. Алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі – жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік аппараттың жұмысын жүйелеп, ретке келтіру.

Өздеріңізге мәлім, елімізде түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарлар бар. Биыл осындай бірқатар құжаттың мерзімі аяқталады. Әрине, оның кейбірі жалғасады, кейбірі мүлдем тоқтатылады. Үкімет мұқият ойластырып, нақты шешім қабылдауы керек. Ел бола­шағы үшін айрықша маңызы бар салалар бойынша жұмыс үздіксіз жалғасуға тиіс.

Мысалы, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы жоспардың мерзімі биыл бітеді. Бұл құжат 2023 жылы әзірленген. Мұндай жоспар елімізге қажет екені анық. Өйткені осы қауіпті кеселге қарсы күрес – өте маңызды мәселенің бірі. Сондықтан жаңа құжатты дайындауға қазірден бастап кірісу керек.

Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық. Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда. Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн», деді Президент.

Оның айтуынша, озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Сондықтан аталған бағдарлама маңызды құжат болмақ. Оны дайындау үшін Үкімет, Парламент депутаттары, омбудсмен Динара Зәкиева, қоғам қайраткерлері өз үлесін қоспақ.

«Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды. Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынып отыр. Мен бұл ұсыныспен толық келісемін», деді Президент.

Мекемелік марапаттарды ретке келтірген абзал

Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мүшелері Зүлфия Байсақова мен Бану Нұрғазиева мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың критерийлерін қайта қарау және үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін жеткізгенін тілге тиек етіп, азаматтық сектор реформаларды жүргізу және қоғамды дамыту ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Сонымен қатар мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріп­теуге және ұлттың жаңа сапасын қалып­тастыруға ықпал ететініне назар аударды. Осы орайда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігін арттыру үшін қазіргі заманның талаптарына сай келетін жеке заң әзірлеу керектігін атап айтты.

ва

«Біз кейінгі жылдары мемлекеттік наградалар мәселесін қайта қарап, бір жүйеге түсірдік. Енді ведомстволық марапаттарды ретке келтіру қажет. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты назардан тыс қалдырды. Нақты ереже жоқ, бәріне ортақ мәліметтер қоры да жоқ. Соның кесірінен кейбір марапаттар орынсыз таратылып жатыр. Тіпті бір мемлекеттік органның төсбелгісін бір адам бірнеше рет алған жайттар да кездеседі. Мекемелік марапат – нағыз білікті мамандарға ғана берілетін, сол арқылы кәсіби мәртебені көтеретін маңызды награда. Бұған бейжай қарауға болмайды. Сондықтан мекемелік марапаттардың бірыңғай стандартын және тізімін жасау қажет. Әрине, әр мекеменің өз ерекшелігін ескерген жөн. Бірақ бәріне ортақ ұстаным болуы керек. Құзырлы органдарға осы шаруаны қолға алуды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Ономастика саласында жүгенсіздікке жол жоқ

Сонымен қатар Президент ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталғанына, көшелер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жібергеніне, бұл ретте тіпті, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілгеніне тоқталды. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

«Нәтижесінде, бізде ономастика сала­сын­дағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет. Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әб­ден лайық. Сөз жоқ, олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қа­сиет. Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» еш­қан­дай архив құжаттарымен расталмаған тұл­ғал­арды ұлықтау құралы етуге болмайды.

Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірі­нің қайраткерлерін, соның ішінде ашар­шы­лықты ұйымдастыруға қатысы бар адам­дарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы, бұл жұмысты ретке келтіру керек. Ел тарихында айрықша рөл атқар­ған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет.

Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Бірақ ауыл-ай­мақ­тардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн. Бұл жерде ешқандай науқаншылдық бол­мауы керек. Халық арасында жан-жақты тү­сін­­діру жұмысын жүргізіп, тұрғын­дар­дың пі­кірін ескеру маңызды. Қазір елді ме­кендер­дің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағ­дай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшы­лары­на, жедел жәрдем мен басқа да құры­лым­­дарға қиындық туғызады. Ең алдымен осын­дай көшелердің атауын ретке келтіру қажет.

Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек. Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек. Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн.

а

Қазір депутаттар ономастика комиссия­сының келісімімен ғана жеке нысанды адам атымен атауға рұқсат беретін түзету­лерді қарап жатыр. Бұл – дұрыс шешім. Оно­мас­тика саласын, мемлекеттік және мекеме­лік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаз­дық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту – мұның бәрі ауқымды идеологиялық жұмыстың ажырамас бөлігі. Сондықтан ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек деген пікірмен келісемін», деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық киімге қызығушылық арта түсті

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлт­тық құрылтай мүшелері – Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов, басқа да азаматтардың өз бастамаларымен Ішкі сая­сат тұжырымдамасының жобасын әзірле­геніне тоқталып, мемлекеттік органдар бұл жобаны жан-жақты зерделеп, барлық мәселені пысықтауы қажет екенін айтты.

«Құжатта құзырлы органдар мен мүдделі тараптардың қызметі бір арнаға тоғысуы керек. Онда мемлекеттік идеология жұмысының мақсат-міндеттері мен басымдықтары нақты белгіленуге тиіс. Тұжырымдамада халқымыздың бірегей болмысын, өмір салтын сипаттайтын жалпыұлттық құндылықтар мен негізгі нышандар айқын көрсетілуі керек. Бұл, ең алдымен, осы құндылықтар мен нышандарды қоғамда орнықтыру, оларды кеңінен дәріптеу және қорғау үшін қажет.

Келесі мәселе. Ұлттық бірегейлігіміз­ді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек. Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды.

Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ ірі компанияларда ұлттық киім­ге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дү­кен­дер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет жүзін тұм­шалайтын қара киімнен гөрі өзі­міз­дің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда ар­тық. Әсі­ресе әйелдердің дәстүрлі киімі өте ға­жап көрі­неді. Себебі ұлттық киім – біздің біре­гей бол­мысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек» деді Президент.

Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды. Қазақ­станда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылым­дардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді.

«Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алайда оның көп­шілігінің жай-күйі мәз емес. Мысалы, Семей­де бір ғимаратта үш бірдей театр сы­ғы­­­­лы­сып отыр. Әсіресе аймақтарда театрлар­­­ды салуға және дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуан­ды­­­ғын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қол­­дау маңыз­ды. Елімізде өнердің бұл түрі де та­быс әке­летінін дәлелдеп жүрген жеке театр­лар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақ­тағы театрларға белсене қолдау көрсе­ту­ге шақырамын», деді Мемлекет басшысы.

Келесі құрылтай Қызылордада өтеді

Биыл ұлы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалымдармен кездесіп, Абай институтын құру туралы ұсыныс айтқанын еске алды. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылып, елдегі диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Оның айтуынша, ендігі мақсат – осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру. Бұл құрылым Конфуций, Гёте, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек.

«Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын.

Тағы бір мәселе. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл – қуантарлық жайт. Осы ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек. Мәдениет дегеніміз жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес, бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр. Біз ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын халықаралық тізімдерге енгізуге айрықша мән беріп жатырмыз. Үкімет түрлі ұлттың барша адамзатқа ортақ білім қазынасына қосқан зияткерлік үлесін көрсететін «Әлем жады» тізіміне деректі мұраларымызды енгізу жұмысын жандандыру қажет.

Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет», деді Президент.

Сонымен қатар ол кейінгі жылдары ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатқанымызға, бұл құрылтай ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне тоқталды. Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылғанын еске салды.

сч

«Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдық­тардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын.

Осы жиында мен көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын атап өткім келеді. Жазушы «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп орынды пікірін айтты. Осы ретте қосымша айтарым: Өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады. Қазақ халқы өзгелерден кем емес, бұл – ақиқат, бірақ артық та емес деп айтуымыз керек. Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен дүниежүзінде данышпан халықтар аз емес. Бұл да – ақиқат. Мұндай пікір кейбір адамға ұнамауы мүмкін. Алайда көпшіліктің көңілінен шығамын деп тура сөзден жаңылуға болмайды. Шын мәнінде, әр ел басқа жұрттан даму деңгейіне қарай озбақ. Жалпы, біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады», деді Мемлекет басшысы.

Көшпенділер дәстүрі – қуат көзі

Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі қазір отандық тарих ғылымының және біздің зияткерлеріміздің алдында төл тарихымыз туралы түсінікті жаһандық өркениет пара­дигмасы тұрғысынан кеңейту міндеті тұр­ғанына тоқталды. Оның айтуынша, көп­те­ген ғалымдар мен қоғам белсенділері әлі күнге дейін Қазақстанның жылнамасына ұлт­тың жадына жара салған тарихи оқиға­лар тұрғысынан қарайды. Бұл жағдай төл та­ри­хымызға көзқарас ауқымын тарылтады.

«Осы сәтті пайдалана отырып, кеңестік кезеңге қатысты біржақты талдаулар мен пайымдаулардан сақтандырғым келеді. Менің пікірімше, біз үшін бұл ортақ тарихтың күңгірт тұстары болды, бірақ жарқын тұстары да бар. Мұны дұрыс түсіну керек. Әйтпесе, біз әлеуметтік-саяси даму жолында салдары ауыр соғатын адасудың құрсауында қалуымыз ықтимал. Аз зерттелген немесе мүлде зерттелмеген тақырыптарды ғана зерделеу жеткіліксіз. Біз Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді.

Көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз өз еліңнің өткенін есте сақтау ғана емес, сонымен қатар бұл – түрлі халық­тар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістік­терді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз. Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Сондықтан Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек.

Көне заманнан келе жатқан көшпен­ділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуат көзі болуға тиіс. Дей тұрғанмен, тарихты аңызға айналдырып, ескі заманның шырмауында қалып қоюға да болмайды. Тарихи-мәдени мұ­р­амызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жү­йе­лі түрде дәріптеуіміз қажет. Ғылыми зерт­теу­лер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қал­пына келтіру, археологиялық қазба жұ­мыс­тарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрі­мізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін бір жоспарға келтіру керек», деді Президент.

Тұтас Торғай өңірін жаңғыртатын жоба

«Біз Ұлттық құрылтайдың отырыстарында үнемі әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылдап қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтарды айқын­дай­мыз», деген Президент аймақтар­дағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіз­дікті жою қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі екеніне назар аударды. Оның айтуынша, биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 трлн теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр. Осы орайда ол елімізде жүзеге асып жатқан бірқатар ірі жобаға арнайы тоқталды.

ч

«Сондықтан биліктің, Үкіметтің бизнеске қысым көрсетіп жатқаны жөніндегі әңгімелер мүлде негізсіз. Бизнес әрдайым Үкімет назарында болған, алдағы уақытта да тыс қалмайды. Қазір бүкіл елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2025–2026 жылдардың өзінде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен қатар «Талдықорған – Үшарал» магистральды газ құбыры мен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу көзделген. Үкімет Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылады.

«Кендірлі» демалыс аймағында су тұщытатын зауыт жұмыс істей бастайды. Кәсіпорын Жаңаөзен қаласы тұрғындарын ауызсумен тұрақты қамтамасыз етеді. Қарағандыда және Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыш өндіретін химия кешені пайдалануға беріледі. Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады.

«Достық – Мойынты» теміржол учас­кесінің және Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы аяқталады. «Қызылжар – Мойынты» бағытында жаңа жоба басталады. Ақтауда Каспий теңізінің жағалауындағы контейнер хабы салынып бітеді. «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық әуежай жұмыс істей бастайды. Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да әуежай ашылады. Каспий теңізінің ұлтанымен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, бұл қадам Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік береді.

Еліміздің автокөлік жолдары желісін дамыту жұмысының мән-маңызы өте зор. Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба.

Бұған қоса Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз емес», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңірлерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

Мемлекет басшысы 2022 жылы жаңадан үш облыс құрып, осы аймақтардың дамуына күшті серпін берілгеніне, соның арқасында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер едәуір артып, инвестиция келе бастағанына тоқталды. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасы да жақсара түскен.

«Менің тапсырмаммен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында шекара маңындағы бірнеше аудан қалпына келтірілді. Мұны жұрт өте жақсы қабыл­дады. Жаңа аудандарда тіршілік жанданды, инфрақұрылым жақсара бастады. Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сон­дықтан осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек.

«Amanat» партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынып отыр. Үкіметке депутаттармен бірге бұл бастаманы жан-жақты қарастыруды тапсырамын. Әдетте шекара маңындағы аудандар арқылы маңызды көлік-логистика дәліздері өтеді. Биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жұмыстарын аяқтау керек. Соның нәтижесінде мұндай бекеттердің өткізу мүмкіндігі 6 есе артады. Бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға едәуір үлес қосады.

Аймақтардың дамуындағы алшақтықты жою үшін нақты стандарттарға сүйене отырып инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру, экологиялық көрсеткіштер және басқа да маңызды өлшемдер бойын­­ша артта қалған өңірлерді анықтау қажет. Орталықтың күш-жігерін осындай ал­шақ­тықты жоюға жұмылдыру керек. Сол үшін қазір Өңірлерді дамыту тұжырым­дама­сы әзірленіп жатыр. Құжатта аймақтар ара­сындағы теңсіздікті жоюға және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту­ға бағытталған тың тәсілдер қарастыры­лады. Өңірлердің іс-қимылы нақты салаға жауапты мемлекеттік органдардың республикалық деңгейде атқарып жатқан жұмыстарына сәйкес жүргізілуі қажет. Іс-шаралар үйлесімді болуға тиіс.

Бұл – барлық салаға қатысты мәселе. Мысалы, солтүстікке көктем енді келіп жатыр. Қар еріп, елді мекендерді қарғын су басу қаупі туындайды. Былтырғы тасқыннан орталық та, жергілікті билік те тиісті қорытынды жасады деген ақпаратты алып жатырмын. Жаз шыққан соң өрт қаупі күшейеді. Табиғат апаттарының алдын алу, сақтану шаралары үнемі назарда болуы керек. Мен жаппай цифрлан­дыру мен жасанды интеллектіні барлық сала­ға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аудара­мын», деді Президент.

«Жасанды интеллект – жеке бақылауымда»

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп, соның салдарынан адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып бара жатқанына назар аударды. Осы орайда инновациялар экономикасы деген жаңа құбылыс пайда болды. Онда өзгеше ойлау қабілеті, шығармашылық тұрғыдағы жаңашылдық және әлеуметтік дағдылар алдыңғы қатарға шығады.

«Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемле­кеттік сатып алу саласын оңтайлан­дыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сол себепті цифрландыру және жасанды интеллект мәселелерімен жеке өзім айналысып жатырмын. Шетелдік мамандармен, кәсіпкерлермен кездесіп жүрмін. Жүздесулердің барлығы ресми жариялана бермейді. Бірақ бұл мәселе – менің бақылауымда. Таяу арада, мүмкін жыл соңына дейін Астанада Smart city жобасы енгізілгенін хабарлаймыз. Бұл істе БАӘ, АҚШ компанияларымен ынтымақтастық орнаттық. Қытайдың құрылымдарымен де тығыз қарым-қатынас жолға қойылған. Дәл осы бағытта еліміз нақты прогреске қол жеткізеді деп ойлаймын», деді Президент.

Оның айтуынша, құзырлы мемлекеттік органдар сарапшылармен және ІТ-мамандармен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, артық шығындарды азайтуға, барлық саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, өнімділігін арттыруға арналған тың тәсілдер іздеп тауып, оны қолданысқа енгізіп отыруға тиіс. Экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуы керек. Бұл жерде цифрлық активтер индустриясы мен блокчейн технологиясын дамыту маңызды рөл атқарады.

«Цифрлық активтердің заңды айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбас­тау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандыруда шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайту­ға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді. Мұнда Америка ашып отырған жоқпын, Президент Трамп басқаратын АҚШ әкімшілігі осы бағытқа ден қойды. Біз мұны ескеруіміз керек.

Қазіргі заманда экономика инновацияға негізделуі керек екені сөзсіз. Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеу­лер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми жаңалықтарды коммер­цияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр.

Дегенмен Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылым қалашығы жоқ. Алматы іргесіндегі «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идея бар екенін білемін. Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек. Ғалымдардың пікірінше, тиісті тәжірибесі мен дәстүрі бар Курчатов қаласы екінші ғылым қалашығы бола алады. Бірақ мынаны ескерткім келеді: осы жоспардың бәрі шынайы есеп-қисапқа және табанды жұмысқа негізделуге тиіс. Көзбояушылық пен көпірме сөзге әбден тойдық. Енді оның сұрауы қатты болады», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы біздің бастама көтеріп, кейіннен оны ұмытып кететі­німізге, оның жазылмас дертке айналғанына арнайы тоқталды.

«Жоспарда бәрі әдемі, әсіресе оны ғалымдар түзіп жатса, бұл – жақсы. Бірақ нақты есеп керек. Оның ішінде бюджеттің мүмкіндігі ескерілгені жөн. Бастысы – осы жоспарлардың тиімді орындалуы. Сондықтан мен ұсыныстың жалпы қабылданғанын ескертіп отырмын. Шын мәнінде, ғылым қалашығы керек. Оларды Алматыда, Курчатовта салу ақылға қонады. Бірақ Үкімет те, ғалымдар мен салалық министрлік те нәтиже шығару қажет екенін түсінгені жөн. Біз ғалымдарды шетелде тағылымдамадан өткізу тәжірибесін енгіздік. Бірақ ғылымға мүлде қатысы жоқ ғалымдар шетел асты. Мен 78 жасында «Болашақ» бағдарламасымен оқуға барған кісіні білемін. 78 жаста қайдағы «Болашақ?». Көп істің соңы осындай түсініксіз жағдайларға ұласып кетеді», деді ол.

Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы

Мемлекет басшысы туризм саласының дамуына арнайы тоқталды. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететінін айтты. Оның айтуынша, биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі бол­мақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнерші­лері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді.

«Сонымен қатар ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді. Жалпы, әр аймақта жұртшылық асыға күтетін әрі дәстүрге айналған осындай маңызды мәдени-туристік іс-шаралар өтіп тұрады. Оны негізінен демеушілердің қаражаты есебінен ұйымдастырған жөн. Іс-шараларды жыл бойы жалғасатындай етіп біркелкі бөлу, бренд ретінде қалыптастырып, жарнамалау қажет. Әрбір оқиға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп, ел ішінде және шетелдерде жұрт назарына ілігуге тиіс. Мұның бәрі адамдардың аймақтарға қызығушылығын арттырып, туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы. Мамандарды даярлау қажет. Табиғи байлығымен, жан-жануарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміз­дің биологиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды. Кеше жұмыс секциясы кезінде «Ауыл» партиясының өкілдері киіктер туралы мәселе көтергенін білемін. Аймақтар­дағы шаруалардан да осыған қатысты өтініш­тер-хаттар келіп жатыр. Рұқсатсыз аң аула­ған­дарға жазаны күшейту үшін менің бастамам­­мен 2019 жылы заңнамалық шаралар қабылданды. Осы және басқа да жан-жақты шаралардың нәтижесінде еліміздегі киік саны күрт артты. Қазір оларға жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ.

Бірақ енді басқа мәселе туындады. Ауыл ша­руашылығы зардап шегіп жатыр. Эпизо­отиялық ахуалдың да күрделеніп кету қаупі бар. Жалпы, экожүйеге түсетін салмақ артты. Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырамын», деген Президент Балқаш көлінің айналасында Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру басталғанын, келесі кезекте ілбістерді сақтап, оның санын көбейту керектігін айтты.

«Адамзаттың бүлдіргі іс-әрекетінің кесірінен Каспий итбалығы, қызғылт қоқиқаз және басқа да ерекше жан-жануарлар мен өсімдіктер әлеміне қатер төніп тұр. Ащы да болса шындық – осы. Біз табиғаттың осы бір сыйына барынша назар аударып, оны сақтай білуіміз қажет. Сондықтан Халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру керек деп санаймын. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұл ауқымды жұмыстың маңызы орасан зор екенін көрсету үшін осы қоғамдық ұйымға өзім жетекшілік етуге дайынмын.

Бұған қоса біз тағы бір қазынамыз – тазыны халықаралық тізімге енгізе алғанымызды айта кеткім келеді. Аң аулайтын айрықша қасиеттері бар қазақы иттің тұқымын енді бүкіл әлем біледі. Жақында мен Парижде Елисей сарайында болдым. Франция Президенті Эмманюэль Макронға сыйлаған қос тазыны көрдім. Франциялықтар тазы­лардың ерекше қабілетіне тәнті», деді ол.

Әлеуметтік мәселелер – қашанда басты назарда

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен екі жыл бұрын «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы басталғанын айта келе жоба­ның негізгі мақсаты мектептегі орын тап­шы­лығын жою, сондай-ақ апатты және үш ауы­сымды мектептер мәселесін шешу болға­нына назар аударды. Оның айтуынша, Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтаған. Аймақта 12 мыңнан аса оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылған. Ал басқа облыстарда құрылыс барысы мәз емес.

«Биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған 200-ден аса мектеп салынады. Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Жуырда Талдықорғанға бардым. Ондағы қазақ мектебі қарапайым болса да тартымды. Осындай мектептерді барлық жерде салу керек. Өйткені «Жайлы мектеп­тер» айтарлықтай қымбат, оны әр облысқа са­ла берудің қажеті де шамалы. Үш жылда 1 300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс», деді Президент.

Сонымен қатар ол ел бойынша медицина инфрақұрылымын барынша дамыту жұмыстары жалғасатынына тоқталды. Осы жылдың соңына дейін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 188 медицина нысаны салынбақ. Рид­дер­де көпбейінді аурухананы, Өскеменде гема­тология орталығын, Ақтауда же­дел жәр­дем стансасын, Алматыда Жұқпалы ауру­лар ұлттық ғылыми орталығын, Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. 2026 жылы 32 аудандық орталық аурухананы жаңғыртуды, сондай-ақ Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы ауруханаларды салып бітіруді тапсырды.

Бұған қоса Президент тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға баспананың қолжетімді болуы тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш екенін айтып, былтыр мемлекет осы санаттағы адамдар үшін 21 мыңға жуық пәтер сатып алғанын жеткізді. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтары бой көтергеніне, басқа да қалаларда осындай орталықтар ашу қажеттігіне, әрбір облыс орталығында ерек­ше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизм­ге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек екеніне тоқталды.

Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың отырыстарын әр облыста өткізудің ұтымды тұсы бар. Алқалы жиында аймақтың дамуына қатысты өзекті мәселелер де қаралады. Мемлекет басшысы Ақмола облысындағы кейбір бастамалар мен жобаларға назар аударды.

«Өздеріңіз білесіздер, мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Бұл – кәсіптік және техни­ка­лық білім беру саласын жаңғыртуға және жұмыс­шы мамандардың қоғамдағы беделін арт­тыруға арналған маңызды шешім. Жас­тар­дың мүмкіндігін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруге баса назар аудару қа­жет. Олардың сұранысқа ие жұмысшы маман­дықтарды меңгеруіне жағдай жасау керек. Бұл – өңір басшыларының бәрінің міндеті.

Жастардың заман талабына сай білім алуын қамтамасыз ету үшін Үкімет пен облыс әкімдігі Қосшы қаласында халықаралық деңгейдегі колледж ашуы керек. Қаланың Астана іргесінде тұрғанын және тұрғындарының саны тез өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл – өте өзекті мәселе.

Қазірдің өзінде алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал Бурабай жерінің мол мүм­кіндіктері бар. Осы курорттық аймақ­ты дамы­тудың 2029 жылға дейінгі кешен­ді жос­­пары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 млрд теңге бөлінеді.

Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорт­тық аймағындағы инфрақұрылымды да­мыту қажет. Барлық экологиялық талап­тар қатаң сақталуға тиіс. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек. Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың беткеұстар орны болуы қажет. Орталық іске қосылатын болса, демалыс айма­ғына жұрттың қызығушылығы да арта түседі. Сондай-ақ туристік маусымнан тыс уақытта адамдар көптеп келе бастай­ды. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені тыңғы­лықты қарастыруды тапсырамын», деді ол.

Клубтық футболға бизнес ретінде қарау керек

Қасым-Жомарт Тоқаев спорттың түрлі саласын, әсіресе, қысқы спорттан ұлттық құрамаларды даярлау үшін өңірдегі спорт базаларын дамыта беру керек екеніне де арнайы көңіл аударды. Оның айтуынша, елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек. Демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажет немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн.

«Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз. Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз. Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады. Осы салаға жауапты министрлік, Футбол федерациясы, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер клубтық футболды коммерцияландыруға нақты кірісуі керек.

Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек. Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға бас­пайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады.

Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі. Кейінгі жылдары мемлекет қолдауының нәтижесінде балалар спорты қарқынды дами бастады. Бірақ бұл – жеткіліксіз. Сондай-ақ бизнес өкілдері өскелең ұрпақты дене шынықтыруға және спортқа баулу ісіне зор үлес қоса алады деп ойлаймын.

Астанада шығармашылыққа арналған үйірмелерді де, жекелеген спорт секцияларын да ашып, көпке үлгі болып отырған жекеменшік Балаларды дамыту орталығы бар. Бұл тәжірибені басқа аймақтарда да қол­данған жөн. Мемлекет барлық аймақта спорт инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді. Биыл Астанада Ұлттық спорт уни­вер­ситетінің, Түркістанда ескек есу спорты­на арналған каналдың, Қызылордада футбол стадионының, Жетісу облысында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Оралда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталады.

Биыл Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ орталық болмақ. Осы жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландыру керек. Үкіметке осы мәселені пысықтауды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Еліміз «орта державаға» айналды

Қасым-Жомарт Тоқаев халықара­лық аренада бұрын-соңды болмаған қақ­тығыстар, ушыға түскен сенім дағдарысы, қадір-қасиеті кете бастаған халықаралық құқық, экономикалық шайқастар қазіргі әлемнің басты сипатына айналғанына тоқталды. Оның айтуынша, мұның бәрі жаңа технологиялық қалып орныққан, маңызды ресурстар үшін талас-тартыс күшейе түскен, өндіріс және сауда-логистика байланыстары қайта құрылып жатқан, техногендік және табиғи апаттар туындаған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Беделді саясаткерлер мен сарапшылар «дүние жүзі жаппай берекесіздік жайлаған немесе болашағы бұлыңғыр жаңа заманның қарсаңында тұр» деген пікір білдіре бастаған.

«Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы таңылып келді. Осындай желеумен халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар көптеген елдің ішкі ісіне негізсіз араласты. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен. «Даму мен демократия», «адам құқықтары», «баспасөз бостандығы», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» деп ұрандатып жүргендердің бәрінің дерлік жеке байлығы жалақысының мөлшеріне еш сай келмейді. Сондықтан Президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатыс­ты оқиғаларды анықтауға және «тұң­ғиық мемлекет» ұғымына тән саяси екі­жүз­ділікті әшкерелеуге, дәстүрлі моральдық құнды­лық­тарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық. АҚШ-та жасалып жатқан шаруаның бәрі бүкіл әлемге тікелей әсер ететіні баршаға мәлім», деді ол.

Президент жұртты саяси прагматизмге шақырып, қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру маңызды екенін айтты. Қазір әлемде болып жатқан оқиғалар біздің бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетіп отыр. Сондай-ақ ұлттық мүддемізді қорғау үшін алдағы уақытта да ұтымды әрі байыпты әрекет етуге шақырды. Талай заманнан келе жатқан өкпе-реніштерден, өткенге құр мақтанудан және бәрін орынсыз сынап-мінеуден арылу қажет екенін айтты.

«Кез келген мәселеде өзгелерді айыптап, қара бұлтты төндіре беруге болмайды. Қоғам санасындағы осындай құбылыстар ұлтымызды идеологиялық және мәдени тұрғыдан әлсіретеді. Тіпті еліміз қазіргі қатыгез әлемде өзгелерге жем болуы мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, біздің ұлттық ой-сана­мыз мықты болуы керек. Жаһанды белгісіз­дік жайлаған бұлыңғыр заманда бәсе­ке­ге барынша қабілетті болу үшін бар­лық жағынан кемел ұлт болуымыз қажет. Бұл – өркениетті, икемді, мақсатшыл жұрт болу деген сөз. Сондықтан ұлт ретінде алға басуға не кедергі болса, соның бәрінен арылып, сапалы ұлт болуға тиіспіз», деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елде қолға алын­ған ре­формалар елдің дамуына зор серпін берге­ніне, 2019 жылдан бері Қазақстан эконо­ми­касының нақты өсімі 15,5 пайыз болғанына тоқталды. Нақты айтқанда, ішкі жалпы өнім 288 млрд долларға жетті, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 46 пайызға дейін артып, 14 мың доллардан асты.

«Сыртқы сауда айналымы 45 пайызға жуық өсіп, 140 млрд доллар болды. Негізгі капиталға салынатын инвестиция бір жарым есеге ұлғайды. Былтыр оның көлемі 19 трлн теңгеден асты. Инвестиция білім-ғылым саласына 5 еседен астам, көлік саласына 3 есеге жуық, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына 3,5 есе көп салынды. 4 400 шақырымға жуық автокөлік жолдары салынды және жөнделді. Жаңа теміржол желілері пайдалануға берілді. Ондаған өндіріс орны іске қосылды. Мемлекет ауыл еңбеккерлерін қолдауды барынша күшейтті. Былтыр күзде 27 млн тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік», деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым баса назар аударылатынын, тұрғын үй құрылысының қарқыны едәуір өсіп, былтыр 19 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілгенін айтты. 2019 жылдан бері елімізде 250-ден аса жатақхана салынған. Соның нәтижесінде орын тапшылығы 6 есе қысқарды.

«Еліміздің 90 мыңнан аса азаматы шетелде оқиды. Бұл біздің қоғамның ашықты­ғын көрсетеді. Азаматтарымыз демалу үшін шетелге жиі шығатын болды. Біздің көк төлқұжатымыз әлемдегі 92 мемлекеттің аумағына визасыз емін-еркін кіруге мүмкіндік береді. Қазақстан – халықаралық аренада зор құрметке ие мемлекет, біздің елімізді «орта держава» деп атайтын болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын ашу туралы қарар қабылдады», деді Президент.

Үш АЭС салынады

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасыма­лы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені сала­ларында елімізді қамтамасыз етіп қана қой­май, аймақтық, тіпті жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Бұл қатарға адам капиталын да қосуға болады.

«Цифрландыру және жасанды интел­лектіні қолдану ісінде еліміз зор жетістікке жете алады. Біз қазірдің өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Электронды үкіметтің даму деңгейі жөніндегі рейтингінде 190 мем­лекеттің ішінен алғашқы 25 елдің қатары­на кіріп тұрмыз. Бірақ мұнымен шекте­ліп қалуға еш болмайды. Қазақстанға келген шетелдіктерді мұндағы электрон­дық жүйенің айтарлықтай дамуы таңғалды­ра­ды. Жоғары технологиялар экономиканың және мемлекетті басқару ісінің барлық сала­сын дамытуға тың серпін беріп, алға бас­тайды. Үкімет озық цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға арнал­ған жұмысты еселеп күшейтуге тиіс.

Біз мәліметтерді сақтайтын және өңдейтін мықты желі түзіп, технологиялық өнімдерді жаппай экспорттауға кірісуіміз керек. Цифрландыру ісін табысты жүргізу және жасанды интеллектіні жаппай енгізу еліміздің энергетикалық әлеуетіне тікелей байланысты. Әлемнің цифрландыру ісіне және жасанды интеллектіге негізделген жаңа технологиялық қалыпқа көшуі энергияны көп қажет ететін үдеріс екенін түсіну керек. Мұндай жағдайда аймақтағы және дүние жүзіндегі энергия тапшылығы үздіксіз арта береді. Сондықтан Қазақстан өзін электр қуатымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оны әлемдік энергетика нарығына да экспорттайтын ірі елге айналуы керек. Бұл – уақыт талабы.

Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы стратегиялық міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ.

Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен дәл сол себепті Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін. Осы міндеттің айрықша маңызды екенін еске­ріп, мен Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдадым.

Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүм­кіндіктерімізді, сондай-ақ жаңар­тылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Бұған кешенді көзқарас қажет. Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызын­шы орын алатын еліміздің, жалпы, көлік-тран­зит саласында зор мүмкіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стра­тегиялық бағыт. Дүниежүзі­лік сауда-саттыққа тікелей байланысты болғандықтан оған барлық әлемдік державалар көңіл бөледі. Қазір халықаралық қатынас көлік-логистикалық бағыттар мен мүмкіндіктерді дамытуға ден қояды. Бұл іспен айналысуға біздің географиялық орналасуымыз ықпал етіп отыр», деді Президент.

Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерге, алдағы 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс екенімізге, азаматтарға дүниеге келгеннен бастап өмір бойы жәрдем беретін тиімді мемлекеттік қолдау жүйесі жұмыс істейтініне тоқталды.

«Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» бағдарламалары, тегін орта білім, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінетін өте көп гранттар – мұның бәрі өскелең ұрпақтың қадамы нық болуына септігін тигізетін сан алуан шараның бір бөлігі ғана. Адамға салынған инвестиция – мемлекеттің ең сенімді әрі дұрыс салымы. Біз білім-ғылым, медицина, спорт, креативті индустрия салаларына қомақты қаржы бөлуді жалғастыра береміз. Азаматтардың өзін жан-жақты дамытуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Себебі қазіргі заманда жекелеген адамдардың табысты болып, бақуатты өмір сүруі нағыз қуатты мемлекеттің көрсеткіші саналады.

Мен жоғарыда атап өткен басымдықтар, яғни ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифр­ландыру мен жасанды интеллект, көлік транзиті мен энергетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталы Қазақстанның жаңа әлемдегі орнықты дамуына жол ашатын негізгі факторлар болатыны анық», деді Президент.

Ішкі саясат тұжырымдамасы қажет

Пленарлық отырыста Ұлттық құрылтай­дың бірқатар мүшесі сөз алып, баяндама жасады. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым ішкі саясат пен идеология тақырыбында сөз қозғап, осы саладағы жеті мәселе бойынша ұсынысын ортаға салды. Оның біріншісі – идеологияның орнықпау себептерін айқындау мен одан арылу.

«Осы кезге дейін елімізде бірнеше рет идеологиялық саясат тұжырымдауға талпыныс жасалғаны белгілі. Алайда оның көпшіліктің қолдауына ие болмауына постсоветтік, посткоммунистік инерция, қоғамның этнодемографиялық құрамы, ел қоғамы мен оның аймақтарының әркелкілігі, идеологиялық нарративтердің әркелкілігі, идеология мен шынайы өмір, сөз бен іс арасындағы алшақтық секілді себептер кедергі болды. Мысалы, ұзақ жылдар бойы байлықты, бай атаулыны жамандықтың синонимі деп түсінген қоғам ішінде нарық туралы кереғар пікірлер қалыптасты. Бұның кейбір қайшылықтары мен сар­қыншақтарын әлі күнге дейін көріп келеміз. Тағы бір мысал. Бүгінде кеңес заманын бір керемет таза, ізгі кезең деген жалған нарратив кең тараған. Ал шын мәнінде, біздегі қылмыс та, қылмыстық сана да, жемқорлық та, парақорлық та – кеңестік кезеңнен басталып, жалғасып, үдеп кеткен құбылыстар. Оларға нарықтық экономиканың немесе демократияның қатысы шамалы.

Тағы бір мысал. Қазақ әдебиеті мен мәде­ниетінде кеңес кезеңінде қолдан жасалған «ауыл» мен «қала» арасындағы қақтығыс, ауылдық пен қалалық сана арасындағы конфликт әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бұл ауылды қала дәрежесіне көтеру емес, қаланы ауыл дәрежесіне түсіруге алып келеді», деді А.Сарым.

Мәжіліс депутаты екінші ұсынысы ретінде ішкі саясат тұжырымдамасын қабылдауды алға тартты. Оның айтуынша, күн өткен сайын «Жаңа мемлекеттік идеология қажет» деген сыңайдағы пікірлердің көбеюі мен идеологияға деген сұраныстың артуы белгілі бір тарихи кезеңнің аяқталғанын білдіреді.

«Жалпы алғанда ел тарихының жаңа кезеңінің «Біз кімбіз?», «Қайдан шықтық?», «Қайда бара жатырмыз?», «Кім және қандай болуымыз шарт?» деген сұрақтардан бас­талуын өз басым жақсылыққа жорығым келіп отыр. Осы сұрақтарға шынайы жа­уап бере алсақ, болашақтағы болмысымыз­ды айқындап, қиын кезеңдерден, тарихи сынақ­тардан аман шыға аламыз. Осы себеп­ті көпшіліктің талап-тілегін ескеріп, Прези­дентіміз кейінгі үш жылда айқындаған, үш құрылтайда талқыланған, уақыт елегі мен қоғам талқысынан өткен идеологемалар мен құндылықтарды топтастырған, кемі 2030 жылға дейінгі уақытты қамтитын Ішкі саясат доктринасы, не концепциясы қабылдануы керек», деді ол.

А.Сарым идеологияның саясат пен мәде­ниетті жалғайтын өмірлік өзек, табиғи арна екенін атап өтіп, Мемлекет басшысының бастамасымен осы бағытта біршама жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

«Соның бірі – архивтік революция. Президент құрған мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен 700 мыңнан аса НКВД, КГБ органдарының құжаттары мен істері құпиясыздандырылды. Кейінгі үш жылда зұлмат кезеңдегі ел тарихына қатыста мыңдаған құжат жарияланып, ғылыми айналымға енді. Том-том тарихи құжаттық жинақтар жарық көрді. Тағы бір үлкен жетістігіміз, еліміздің жаңа тарихында қазақ ғалымдары тұңғыш рет өз тарихын түгендеп, өткенін тәуелсіз саралауға мүмкіндік алды. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық тарихын жазуға бүгінгі таңда жүздеген отандық және әлемдік ғалымдар тартылып, белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл қадамдар осы саладағы біраз сұраққа жауап алуға толық мүмкіндік береді», деді Мәжіліс депутаты.

А.Сарым еліміздің жаңа идеологиясы өмір шындығынан, ұлттың күрделі тарихынан, саяси мұраты мен экономикалық мүддесінен, жаңа қоғамның әлеуметтік құндылықтарынан туындап, табиғи түрде өрбуі шарт екенін төртінші ұсынысы ретін­де жеткізді. Оның айтуынша, басты мақсат – Қазақ ұлты мен мемлекетінің Тәуелсіз­дігі, заң мен тәртіптің баршаға ортақ қағи­дат­қа айналуы, еліміздің бар салада өз-өзін қорғауға, жері мен руханиятын қамтамасыз етуге дайындығы.

«Бөтен» мен «жақын» дейтін ұғымдарға келсек, алдағы жылдары қазақ ешкімді жау санамайтын идеологияны ұстануы керек. Идеология біреуді жау қылу немесе біреуден кек алу үшін жасалмайды. Негативтік мотивация ерте ме, кеш пе, баршаны тығырыққа тіреп, болашақтағы соғыстарға жол ашады. Өзгеріс, бетбұрыс энергиясы сыртқа емес, ішке бұрылуы шарт. Біздің түсінігіміздегі «жат» – бұрынғы кейпіміз, архаикалық болмысымыз. Ал «бөтен» – кеңестік, коммунистік, отарланған санамыз», деді депутат.

Сонымен қатар ол конституционализм, институционализм, конвенциализм сынды жаңа идеологиялық үштаған жайында да ой қосып, әрқайсының ұғымына тоқталды.

«Жаңа кезеңдегі қазақ мемлекетінің идеологиясы – бірінші қазақ руханияты мен тарихынан сусындап, ұлт пен мемлекеттің түбегейлі құндылықтарына негізделуге тиіс. Демек, осы тарихи платформада еліміздің зиялы қауымы мемлекет жанына топтасып, мемлекеттік құндылықтарды шын ниетпен насихаттауға жұмылуы керек. Себебі билік келеді, кетеді, ал мемлекет, мемлекеттік құндылықтар мызғымай сақталып, жалғасып жатуға тиіс. Бұл да бір модернизациялық жоба аясында жасалатын қоғамдық келісімнің бірі болмақ. Осындай жұмыстарға еліміздегі негізгі саяси күштер, яғни парламенттік партиялар бірінші кезекте бастамашы болуы керек», деп сөзін түйіндеді А.Сарым.

Адам құқығын қорғау – айрықша міндет

Пленарлық отырыста сөз алған Ұлттық құрылтай мүшесі, қоғам белсендісі, құқық қорғаушы Айгүл Орынбек бір күн бұрын секция­лық отырыстарда көтерілген өзекті мәсе­ле­лерге тоқталды. Қазіргі таңда ел ішін­де түрлі қайырымдылық қорлары көбейіп кеткенін айтқан ол халықтан ақша жинап жүрген түрлі ұйымдардың барлығы бірдей адал жолмен жүріп, шынайы мақсаттарға қызмет етіп жатқанына сенбейтінін жеткізді.

«Бір күдікті жайтқа тоқталғым келеді: мысалы, «каспий қосымшасында» 358 қайырымдылық қоры халықтан электронды түрде жылу жинау үшін тіркелген екен. Таңданарлығы сол – бұл қорлардың кейбірі тіпті қандай мақсатта және не үшін құрылғаны белгісіз. Басшылары да көр­сетілмеген. Кейбір қордың интер­­нетте атқарған жұмысы жайында есепт­ерін таппадым. Ал дүкендер мен сауда сөре­леріндегі қайырымдылық үшін қойылған жәшіктердің санын білмейміз. Күн санап көбейіп жатыр, бірақ ол ақшаның да сұрауы жоқ. Елімізде тіпті күдік тудыратын күмәнді қорлар арандатушылар мен радикалды топтарды қаржыландыруы мүмкін деген оймен мемлекетіміздің болашағына, қауіпсіздігіне алаңдаймын. Бұл – шұғыл шешуді қажет ететін ең басты мәселе», деді ол.

Құқық қорғаушы А.Орынбек адам тағдырына қатысты тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, Сот сараптамалары орталығы Әділет министрлігіне тіке­лей бағынысты болғандықтан, сарап­шы­лар­ға құзырлы органдар тарапынан қы­сым өте жоғары. Соның әсерінен бүгінде зорлық-зомбы­лық, фоноскопиялық, фоногра­фия­лық, филологиялық, аудит қорытын­дысы және тағы да басқа сараптамалар кезін­де сыбайластық әрекеттеріне жиі жол бері­ліп, заңды белшесінен басу жайттары көбейіп кеткен. Ол сот сараптамаларын Әділет ми­нистрлігінен бөліп, Мемлекет басшы­сы­на ғана есеп беретін «Ұлттық құқық­тық са­раптама орталығы» ретінде құруды ұсынды.

«Ұлттық құрылтайдың мінберінде көтерілуі қажет тағы бір мәселе – онлайн-несие мен алаяқтық мәселесі. Кейінгі жылдары екінші дәрежелі банктер ұсынатын «онлайн-несиелердің» қолжетімділігі артып, бұл алаяқтар үшін оңай табыс көзіне айналды. Әншейінде қарапайым адамдар ақшаға шын мұқтаж болып банкке арнайы барып сұрағанда, «төлеуге табысыңыз жеткіліксіз» немесе «несие тарихыңыз қара тізімде» деп бере қоймайтын қолжетімсіз несиені, алаяқтар «монитор-экранның» арғы жағында отырып-ақ оп-оңай алып, олжаға кенеле салатыны күмән тудырады. Мұның себебі банк клиенттері деректерінің алаяқтардың қолына оңай түсуінде деп ойлаймын. Оған қоса интернет-алаяқтық та жаһандық мәселеге айналып отыр. Бірақ бұны тоқтатудың жолдары қиын емес» деген ол бірқатар ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, алдымен кибер қылмыскер жәбірленушіні байланыстыратын байланыс операторлары өздеріне жүктелген жауаптылықты сезінуге тиіс.

«Мәселен, интернет алаяқтар жалған, яғни тіркеусіз нөмірлерді қолданып, өз құрбандарына қоңырау шалады. Осы әрекеттің бәрін байланыс операторлары көріп тұрып, оны бұғаттаудың орнына екі жақты бір-бірімен байланыстырып отыр. Сондықтан мемлекетіміздегі ұялы операторлардың жауапкершілігін «Байланыс туралы» заңмен міндеттеуді сұраймын», деді заңгер.

Сонымен қатар А.Орынбек Қылмыстық кодекстің 423-бабында көзделген сотқа дейінгі тергеу мен жабық сот отырыс­тары­ның құпиялылығын сақтау мәселесіне Прези­денттің назарын аударды. Оның айтуын­ша, аталған баптың қолданылуы адвокат­тар мен құқық қорғаушылар үшін үлкен кедергілер тудырып, олардың жұмы­сын едәуір шектеп отыр. Көп жағдайда мұндай мәлі­меттерді жариялау – әділетсіздікті әш­керелеу, заңсыздықтарды дер кезінде тоқтату, сыбайластық пен жемқорлықтың тамырына балта шабу мақсатында жасалады.

«Сондықтан бұл әрекет мемлекеттік немесе құзырлы органдардың заңсыз әрекет­терін ашуға, азаматтардың құқық­тарын қорғауға бағытталған болса, тергеу дерек­терін жария ету қылмыс ретінде қарасты­рылмау керек деп есептеймін», деді ол.

ҚҚС – отандық өндірушілерді қорғау тетігі

Ұлттық құрылтай мүшесі, мемлекет қайраткері, экономист Жақсылық Құлекеев мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін ұл­ғайту мақсатында еліміздің салық саяса­тын жетілдіруге қатысты ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, бюджетке неғұр­лым көбірек қаражат түссе, соғұрлым мемле­кет­тің әлеуметтік-экономикалық проб­лемалар­ды шешу әлеуеті арта түседі. Ал ке­рісін­ше жағдайда қалтасы қалыңдар байы­ған үстіне байып, кедейлердің кедейлене беруіне жол ашыла береді. Өңірлер ара­сын­дағы әлеу­меттік-экономикалық алшақ­тық ұл­ға­йып, елдің саяси тұтастығына қауіп төнеді.

«Өкінішке қарай, елімізде жыл өткен сайын бюджетке түсетін салықтың көлемі ішкі жалпы өніммен салыстырғанда төмендеп бара жатыр. Мысалы, 2005 жылы бюджетке түскен салық ІЖӨ-нің 26 пайы­зына тең болса, кейінгі жылдары бұл көр­сеткіш ІЖӨ-нің 12-13 пайызынан аспайтын жағдайға жеттік. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Осы мәселе мені экономист ретінде қатты толғандыратынын жасыра алмаймын. Біз кейінгі жылдары әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше екпін бердік, соның арқасында аз қамтылатын топтарды қолдауға кең жол ашылуда. Әрине, бұл баршамыздың көңілімізден шығатын жайт екені белгілі. Мысалы, биыл республикалық бюджеттің шығысы 25,7 трлн теңгені құрайтын болса, соның 9,6 трлн-ы немесе 40 пайызы, ал жергілікті бюджеттен бөлініп отырған 15,5 трлн теңгенің 54 пайызы әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталады. Осының бәрі мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді шешуді алдыңғы орынға қойып отырғанын көрсетеді. Дегенмен кейінгі кезде қалыптасқан жағдайға байланысты мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді шешуге қаражаты жеткіліксіз бола бастады. Соның салдарынан мемлекет ішкі және сыртқы қарызды жыл сайын өсіріп жатыр. Қарызға өмір сүрудің қауіпті екенін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Осы жағдайды жан-жақты талқылай келе Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен Салық кодексін жетілдіру мақсатында кейінгі екі жылда үлкен жұмыс атқарды. Соның бірі – соңғы кезде қоғамда қызу талқыға түсіп отырған ұсыныс – ол бюджет кірісін ұлғайту үшін қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру», деді Ұлттық құрылтай мүшесі.

Ж.Құлекеев бұл бастаманы өзінің қолдағанын айта келе, экономист ретінде оның пайдалы жағын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, қосылған құн салығы – сыртқы сауда айналымын реттеудің бірден-бір тиімді құралы.

«Мысал ретінде Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынасын алайық. Ресей – біздің негізгі сауда серіктесіміз. Шетелден келетін импорттың 40 пайызы осы елдің үлесіне тиесілі. Екі мемлекет те ортақ кеден аймағына кіреді, демек тауар алмасу кедендік баж салығынсыз атқарылады. Ресей экономикасының әлеуеті бізге қарағанда барлық жағынан анағұрлым күшті. Соның салдарынан бүгінде біздің ішкі нарықта ресейлік тауарлар басым. Көптеген отандық өндіруші осы жағдайға байланысты ресейлік кәсіпкерлермен бәсекеге түсудің қиын екенін ескере отырып, құзырлы органдардан ішкі нарықты арнайы техникалық тосқауылдар орнату арқылы қорғауды талап етіп жатыр. Бұл жерде қарапайым шешім табу қиын, себебі техникалық кедергілерді орнату бірыңғай Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі қағидаларына қайшы. Бұл мәселені реттеудің бірден-бір заңды жолы – қосылған құн салығының мөлшерін Ресейдегі жағдаймен теңестіру. Ресейде ол 20 пайыз, ал бізде 12 пайыз. Осы екі ставканың арасындағы алшақтық Ресей кәсіпкерлеріне бәсекелестікте артықшылық береді. Өйткені елімізге тауар экспорттау кезінде ресейлік өндірушілер ҚҚС-тан босатылады, ал біз өз кезегімізде келген заттарға 12 пайыз мөлшерінде салық саламыз. Демек, ресейлік тауар экспорттау­шылар бірден 8 пайыз басымдыққа ие болады. Сондықтан отандық өндірушілер үшін Қазақстан мен Ресейдегі қосылған құн салығы ставкаларының бірдей болуы аса маңызды», деді экономист.

Діни оқудың сапасын қадағалаған жөн

Ұлттық құрылтай мүшесі, Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков жаһандану дәуірінде ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, тіл тазалығы мен ұрпақ сабақтастығын сақтаудың маңызын айта келе қазіргі той өткізу мәдениетіндегі келеңсіздіктерге тоқталды. Оның айтуынша, халық түрлі негізсіз жоралғыларды өз бетінше ойлап тапқан. Той-жиындағы асабалардың анайы анекдот пен ебедейсіз ойын өткізуі, арасында бейпіл сөзге ерік беруі де – көптің шамына тиіп жүрген мәселе.

«Ақсақалдар кеңесі жергілікті өнер адамдары және асабалармен кездесу өткізіп, көпшілік жиындардың тәрбиелік мазмұнын арттыру, тіл мәдениетін көтеру сияқты мәселелерді талқылауды қолға алды. Алайда арнайы бекітілген этикалық ереже болмағандықтан, бұл жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітеді деп айта алмаймыз. Сондықтан бұл мәселеге қоғамдық бақылау тетігін күшейтіп, арнайы этикалық ереже қабылдау керектігін баса айтқым келеді. Аталар мен әжелер мектебінің ұлағатын кәдеге жаратуға тиіспіз», деді ол.

Б.Алтынбеков қазіргі күрделеніп тұрған діни ахуал да байыппен талқыланып, шешілуге тиіс өзекті мәселе екенін айтты.

«Мені әке ретінде қоғамдағы діни ахуал алаңдатады. Жастарымыздың жат ағымның жетегіне кетіп, адасып жатқаны белгілі. Осы келеңсіздіктің жолын кесу үшін еліміздегі діни медреселердегі оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіріп, жүйелеу қажет деп есептеймін. «Дін мемлекеттен бөлінген» деп қол қусырып отыра берсек, ол кесел ушыға береді. Мұның бәрі біздің бейқамдығымыздан шығып отыр. Осы мәселеге мемлекеттік тұрғыдан зор мән беріп, діни оқу орындардағы білім сапасы мен тәрбие жұмыстарын қатаң қадағалау керек. Осы орайда Ұлттық құрылтайдағы әріптесім Қайрат Жолдыбайұлы діни мамандар қызметін лицензиялау мүмкіндігін, діни мазмұндағы әдебиеттерді арнайы дүкендерде сату бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар кейбір медреселердің қаржыландыру мәселесін де назарға алған жөн деп есептеймін. Міне, осы жайттарды оңтайлы шешу жолдарын бірлесе қарап, жұмыла шешім қабылдайтын уақыт жетті», деді ол.

Ұлттық құрылтайдың төртінші пленарлық отырысында бұдан бөлек Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко нарық сұранысына орай техникалық білім беру, соның ішінде мемлекеттік тілде оқыту мәселесіне тоқталса, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Team Qazaqstan» жобасының жетекшісі Олжас Сүлеймен жастар мәселесі жайында бірқатар өзекті мәселені қозғады. Соның қатарында шетелде оқып жүрген, жұмысқа барған жастарымыздың жағдайы мемлекет назарында болуы керектігіне тоқталды.