Current Date: 15-03-2025

Шейіт кеткен майдангерлер ұлықталды

Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи мұражайында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлердің туыстарына «Ерлігі, борышына адалдығы үшін» медалі табысталды.

Іс-шараға ардагерлер ұйымдарының, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалы­сының өкілдері және қызыләс­керлердің ұрпақтары қатысты.

«Мемориалдық аймақ» қоғамдық бірлестігінің марапаты майданда қаза тапқан жауынгерлердің балалары мен немерелеріне табысталды. Ұйым­ды профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Майдан Құ­сайынов басқарады. Ол көп жылдан бері Санкт-Петербург маңындағы Синявин батпақтары мен биіктіктерде қаза тапқан жауынгерлерді іздестіруге қатысып келеді. Оның іздестіру жасағы Ақмола мен Петропавлда құрылған 310 және 314-атқыштар дивизияларының құра­мында соғысқан жүзден аса қазақ­стандық жауынгердің қабірін іздеп тапты.

Аталған іс-шараға қызыләскер Қалмен Тайшыбаевтың 85 жастағы қызы әкесінің наградасын алуға ұлдарымен бірге келіпті.

– Ол майданға кеткенде мен небәрі бір жарым жаста екенмін. Сіңлім әкем кеткеннен кейін көп ұзамай дүниеге келіпті. Біз оны көрген жоқпыз. Бүгін мен – 14 немере мен жиырмадан аса шөбере сүйіп отырған әжемін. Әулетіміздің атынан Майдан Көмекұлына іздеу жасағының жұмысы үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл туыстарынан айырылған және олардың тағдырынан хабарсыз отбасылар үшін өте маңызды, – деді Ақнұр Тайшыбаева.

Ағайынды Биахмет пен Сләм Рақым­баевтар соғыстың алғашқы күндері май­данға аттанған. Олардың наградасы Гүлнар Биахметованың немересіне табысталды. Іс-шараға ол әпкесі Эльмирамен және ұлдарымен бірге келді.

– Біздің атамыз Биахмет Рақымбаев 1908 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Маңырақ ауылында дүниеге келген. Ол Днепрде соғысып, Донецкіні азат етуге қатысқан. Ленинградты қорғап, Курск шайқасына қатысты. 1943 жылы Украинада ерлікпен қаза тапты. 1911 жылы туған екінші атамыз Сләм Рақымбаев Жеңісті Берлинде қарсы алған екен. Үйге қайтып келе жатқанда бандеровшілердің қолынан қаза тапқан. Біздің аталарымыз Жеңіс үшін өз өмірлерін құрбан етті. Жастар мұны әрдайым есте ұстауы керек, – деді Гүлнар Биахметова.

Бұл іс-шараның ұрпақтар сабақтас­тығын нығайтудағы маңыздылығын «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ елорда филиалының төрағасы Асхат Налшыбек те атап өтті. Ол сондай-ақ іздеу­шілерге соғыс майдандарында қаза тапқан жауынгерлерді есімін есте қалдыруға қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтты.