Current Date: 15-03-2025

Президент: Ел болашағы үшін әділ әрі тиімді салық жүйесін жасау қажет

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Салық реформасы, бірыңғай уақыт белдеуі және елдегі діни ахуал. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4 отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелерге қатысты өз ұстанымын білдіріп, нүктесін қойды. Елде Ядролық энергетика құрылады. Жыл соңына дейін ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсететін заң әзірленеді. Түрмедегі әйелдерге қатысты кейбір заңнамалар қайта қаралады.

Алқалы жиында бірқатар бастама көтерілді. Ұлттық идеологиямен қатар, ел экономикасы, соның ішінде Салық реформасы қаузалды. Президент салық жүйесін мемлекеттің негізгі тірегі деп атады. Қазынада қаржы болмаса, әлеуметтік міндеттерді орындау мүмкін емес. Қосымша құн салығын көтеруге қатысты сын айтылғанымен, реформаның мәні дұрыс, тек халыққа ашық түсіндіру қажет, деді Мемлекет басшысы. Ал Үкіметке жыл соңына дейін артық шығынды қысқартуды тапсырды.

Расул Рысмамбетов, сарапшы, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Қосымша құн салығына қатысты панельдік сессияларда қызу пікірталас болды. Бизнес те, билік те өз ұстанымын жеткізді. Сарапшылар тәуелсіз пікір білдірді. Ашық диалог пайдалы болды деп ойлаймын. Кәсіпкерлер үшін біраз дүние түсінікті бола бастаған сияқты.

Құрылтай алаңында талқыланған тағы бір мәселе — бірыңғай уақыт белдеуі. Жақында ғана Үкіметтің арнайы зерттеу қорытындысы шықты. Онда сарапшылардың қауіп-қатері мен пайымы расталған жоқ. Ал уақыт белдеуінің теңесуі мемлекеттік басқару мен бизнес-логистиканы жеңілдетеді, сондықтан бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ.

Қоғам белсенділері елдегі діни ахуалға алаңдаулы. Жат ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп жатыр. Ата заңымызда діни бостандыққа кепілдік берілсе де, ұлтты ұйыстыру мен жат идеологиядан аулақ болу басты назарда болуы тиіс, дейді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек.

Соңғы жылдары түрмедегі әйелдер мен балалар түйіткілі өзекті. Олардың бостандығын шектейтін колониялардың жағдайы сын көтермейді.

Айман Омарова, Заңгер, Ұлттық құрылтай мүшесі:

6 мекеме бар екен бізде. Соның ішінде біреуінде ғана балалар үйі бар. Ол жерде 50- ден астам әйел отыр. Сол 6 мекеменің екеуі 1937 жылы салынған.

Алқалы жиында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңету мәселелері назардан тыс қалмады.

Туризмді дамыту да басты назарда. Құрылтай өткен Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданған. Оған 140 млрд теңге бөлінеді.

Президент өзгелерден басым түсетін, еліміз орасан жетістікке жете алатын 4 маңызды саланы атады. Яғни, цифрландыру мен жасанды интеллект, логистика, энергетика және агро саланың зор мүмкіндігі бар. Энергетика демекші, елде Ядролық энергетика агенттігі құрылады. Президент газ, көмір және жаңартылатын қуат көздерін тиімді пайдалану қажет деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін

Мемлекет басшысы жыл соңына дейін ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсететін заң әзірлеуді тапсырды. Әр облыста аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек.

Екі күнге созылған Ұлттық құрылтай осылай түйінделді. Енді келесі алқалы жиын Сыр бойында, кезінде қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласына өткізіледі. Себебі, биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл. Осылайша, құрылтайды өткізетін аймақты таңдауда да бірізді дәстүр қалыптасып үлгерді.

Айя Мүтәлі