Current Date: 15-03-2025

Елімізде су тасқынының алдын алуға 7000 әскер жұмылдырылды

Көктемгі су тасқынына қарсы күреске 7000 әскери қызметші жұмылдырылып, 500 бірлік техника бөлінді, деп хабарлайды 24kz.

Әскери-көліктік авиацияның тікұшақтары мен ұшақтары, барлау жүргізуге арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары және ойлы-қырлы жерлермен жүретін техника қолданысқа дайын. Одан бөлек, понтондық көпірлер, жүзетін транспортерлер, дезинфекция жүргізуге арналған арнайы техника әзірленді. Қазір Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарындағы аумақтық қорғаныс бригадаларының жеке құрамы су тасқынының алдын алу шараларына жұмылдырылды. Солтүстік Қазақстан облысының Подгара және Тепличный елді мекендерінде 1500 қап құм дайындалды. Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауылында әскерилер Дерқұл өзенінің жағасында 300 қап құм төседі. Ал, Ақтөбе қаласындағы алдын алу шараларына Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 140 курсанты мен мерзімді қызметтегі 400 жауынгер қосылды. Су басу қаупі жоғары деп танылған Қостанай облысының Арқалық қаласына да көмекке сарбаздар жіберілді. Төтенше жағдай кезінде өзен жағалауларын нығайту үшін қосымша мың сарбаз бен 130 бірлік техника дайын тұр.

Самат Қабылбаев, аумақтық қорғаныс бригадасы батальон командирінің материалдық-техникалық қамтамассыз ету жөніндегі орынбасары:

- Су басудың алдын алуға жұмысқа жұмылдырылдық. Біздің әскери бөлімнен 50 шақты әскери қызметшілер келді. Біз таңғы сағат 08:00-ден бастап 1500 қап топырақ толтырдық. Біз мұны бүгінге дайындап, келесіден бастап қай аудандарды су басуы мүмкін сол аудандардың жанына, жағасына дамбы ретінде қолданамыз. Петропавл қаласының халқына әскери бөлімнің жеке құрамы толық қызмет жасаймыз.