Current Date: 15-03-2025

Қазақстан қалаларында құрма бағасы қанша тұрады

Құрма — Рамазан айында сұранысқа ие жеміс. Kazinform агенттігі қалалардың базарлары мен дүкендерінде кұрманың бағасы қанша тұратынын анықтап білді.

Қазақстанда құрманың сұрпы, сапасы мен сату орнына қарай баға әр түрлі. Салмағы 500-600 гр болатын құрма бағасы орта есеппен 600-1300 теңге тұрады. Ал эксклюзив сұрпының келісі 3000 теңгеден басталады.

Қарағанды мен Жезқазғанда ирандық құрманың 500 грамын 400-800 теңгеге сатып алуға болады. Патшалар сұрпының келісі 5000 теңгеден басталады.

Ал Түркістанда 500 гр болатын құрма бағасы 600-650 теңге тұрады. Келісін 1000-1200 теңгеге сатып жатыр.

Алматыда 500 гр болатын құрма құны 620 теңгеден басталып, 800 теңгеге дейін жетеді. Ал салмағы 600 грамдық құрма 650 теңге тұрады. Алжирлік құрма (200 грамм) бағасы 730 теңге деп көрсетілген.

Көкшетауда 500 гр болатын құрманың қорабы 660 теңге, 600 гр құрма бағасы 929-1209 теңге болып тұр.

Шымкентте 500 гр болатын құрма құны — 650-1300 теңге. Ал Қонаев қаласында 500 грамдық құрма 670-1200 теңге тұрады.

Семейде 500 гр болатын ирандық құрманы 700-1000 теңгеге сатып алуға болады. Ал Сауд Арабиясының өнімі 3000-5000 теңге тұрады.

Павлодарда салмағы 500 гр болатын құрма қорабы — 800 теңге, Петропавл мен Таразда — 850 теңге. Ақтауда құрма қорабы 800-1000 теңге болса, патшалар сұрпының келісі 5800-7000 теңге.

Өскеменде ирандық құрма бағасы 850-1000 теңге деп көрсетілген. Ал Сауд Арабиясының өнімі келісіне 3000-5500 теңге тұрады.

Астанада салмағы 500 гр болатын құрма бағасы — 899-1399 теңге. Ал салмағы 200 грамдық ажуа құрмасы 519 теңге тұрады. Сыйлыққа арналған қораптағы құрма құны — 7775 теңге.

Орал мен Талдықорғанда 500 грамдық құрма қорабы — 1000-1500 теңге. Ақтөбеде баға — 1001 теңге, ал 300 грамдық қораптағы құрма құны 684 теңге тұрады. Атырауда 500 грамдық ирандық құрма бағасы 1160 теңге, 200 грамдық патшалар сұрпы 1490 теңге, ажуа құрмасының келісі 9000 теңге тұрады.

Қостанайда салмағы 500 грамм болатын құрма 1260 теңге тұрады. 200 грамдық құрманы 500-570 теңгеге сатып алуға болады. Патшалар сұрпының келісі 9000 теңге тұрады. Қызылордада 500 грамдық құрма бағасы 1900 теңге болса, патшалар сұрпының бағасы (250 грамм) 2940 теңге тұрады.

Қазіргі кезде шоколадты құрма сұранысқа ие. Аймақтардың көпшілігінде 100 гр болатын өнім бағасы 1900 теңгеден басталып, салмағына қарай 5900-12000 теңгеге дейін жетеді.