Алматы облысында мәслихаттың экс-депутаты мемлекеттен субсидия алып, оған Алматыдан пәтер, автокөлік сатып алған, 170 млн теңгені казиноға салған деген күдікпен тергеліп жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігінің Telegram-дағы арнасының хабарлауынша, ведомствоның Алматы облысы бойынша департаменті Қарасай аудандық мәслихатының экс-депутатына қатысты аса ірі көлемде алаяқтық және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Күдікті мемлекеттен субсидия алу мақсатында Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына "Награда" түріндегі таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжат ұсынған. Құжатта көрсетілген сома – 947 млн теңге.
"Нәтижесінде ол 474 млн теңге деп көрсетілген соманың 50 пайыз көлемінде заңсыз субсидия алған.
Бұл кірістерді жылыстату үшін күдікті 21 жеке кәсіпкермен көшеттерді орау, тиеу, түсіру жұмыстарын орындау үшін жалған келісімшарттарды қамтитын көп деңгейлі схеманы әзірлеген, бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған.
Аталған жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 431 млн теңге сомаға қолма-қол қаражат алынды", — делінген хабарламада.
Агенттік өкілінің мәліметінше, ұрланған қаражаттарды заңды айналымға тарту мақсатында ол жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, қосымша 89 млн теңге қылмыстық табыс тапқан.
"Қылмыстық табысқа ол Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және Toyota Highlander автокөлігін сатып алған.
Аталған мүлікке, сондай-ақ 50 млн теңге ақша және 91 млн теңге құны бар бағалы қағаздарға тыйым салынды. Сонымен қатар мемлекеттен ұрланған 170 млн теңгені күдікті Қонаев қаласындағы казиноға құртқаны белгілі болды", — дейді ҚМА өкілі.
Соттың санкциясымен күдікті екі айға қамауға алынды.
ҚМА өкілдері қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайтынын айтты.