Жуырда Алматы облысындағы Асыл-Арман тұрғын үй кешенінде қайғылы оқиға болып, 21 жастағы әйел көз жұмды. Осыдан бір апта бұрын бұрын бауыр еті баласын жер қойнына тапсырып келген өңір тұрғыны "қызымды өлтіріп, кейін итеріп жіберген" деп отыр.
Зар жылап, әділдік сұраған азамат 21 жастағы қызы 6-қабаттан өзі секіріп кетуі мүмкін емес екенін жеткізді. Жантүршігер оқиғаның мән-жайын Massaget.kz тілшісіне марқұмның жақындары айтты.
Қаза тапқан қыздың әкесінің сөзінше, қайғылы оқиға болған күні бөлменің бәрі қанға болған. Ал еденде азу тіс жатқанын көрген.
"Қызым өзіне қол жұмсамаған. Қылмыс болған деп ойлаймыз. Күйеу бала бұған дейін де қызыма қол көтеріп, ұрып талдырып тастаған. Ақтауда да бір рет, Алматы да қол жұмсаған, оны енді білдік. Қызым менің жүрегім ауырады деп айтпапты. Тергеуге көңіліміз толмайды. Облыс істі бақылауға алса екен. Қызым енді 21-ге толар еді. Студент еді, бет әрлеу бойынша мықты маман болды.
Оны өлтіріп, терезеден лақтырып жіберген деп ойлаймыз, өйткені сол күні бөлмеде басқа да адамдар болған", — деді марқұмның әкесі Тәуекел Жекебайұлы.
Massaget.kz
Марқұм осыдан екі жыл бұрын сыныптасына тұрмысқа шыққан. Алайда көп ұзамай анасына күйеуі зорлық-зомбылық көрсететінін, тұншықтыратынын және есірткі қолданатынын айтып шағымданған.
Марқұмның анасы "2023 жылы аялап отырған қызымды ұзатып бердім" деп отыр. "Жалғыз қызымның табытын құшақтап қаламын деп ойламадым" деген ол іс әділ тергелуін сұрайды.
"Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Қызымның мінезі жайдары болатын, күлімдеп жүретін. Бұған дейін жанжал шаққанда қызымды әкеліп алғанмын, екі айдай қасымда болды. Кейін күйеу бала үйді аңдып келіп, түнімен маза бермей, уәдесін беріп алып кетті. "Жақсы отбасы боламыз" деді. Енді міне күйік жұтып отырмын.
Ел "қызын ұрғызып қарап отырып" деп неше түрлісін жазады, мен қызыма барынша қамқор болуға, жанжал шықса, татуластыруға тырыстым. Қол көтерген кезінде үйге ертіп алып кеткенмін. Қызым көп дүниені айта бермейтін", — деді марқұмның анасы.
Марқұмның жақындары ұсынған сурет/Massaget.kz
Марқұмның анасының айтуынша, күйеу баласы анасымен бірге ішімдікке әуес болған. Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған күні үйде Ажардың күйеуі мен енесі де болыпты.
Күйеуі оның балконнан өзі секіріп кеткенін айтқанымен, марқұмның туыстары мен достары бұған күмәнмен қарайды.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желіде Ажар есімді 21 жастағы әйел Асыл-Арман тұрғын үй кешенінде 6-қабаттан белгісіз жағдайда құлап, көз жұмғаны туралы ақпарат тараған еді. Марқұмның артында бір жасар ұлы қалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!