Current Date: 19-03-2025

Риддер тұрғындары Жаңару күнін тойлады

Риддер қаласының тұрғындары Жаңару күнін ерекше қарсы алды, деп хабарлайды 24KZ. Қысы ұзақ, қар қалың түсетін қалада көктем лебі сезілгендей. Орталық алаңда ең әдемі киіз үй байқауы ұйымдастырылды. Ал аспаздар жиналған жұртқа ыстық бауырсақ таратты. Мәдениет саласының өкілдері өнерін көрсетті.

Қысы алты айға созылатын Риддердің халқы наурызды асыға күтеді. Қар еріп, мұз көбесі сөгілмесе де, көктемнің келуін ерекше тойлайды. Жаңару күнінде жиналған жұр бір-бірін мерекемен құттықтап, ұлттық тағамнан дәм татып, арқа-жарқа болды.

Риддер – шағын қала болғанмен, түрлі этнос өкілдері тоғысқан мекен. 12 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Жан-жақтан келетін туристер де көп. Наурыз мерекесінде шет елден келген қонақтар ұлтымыздың салтымен дәстүрімен танысады.

Нұргүл Нұржанқызы, Достық үйінің директоры:

- Осы мерекенің әсемдігі болсын деп өз әндерін өнерлерін бірге көрсетіп жатыр. Бұл мерекенің маңыздылығы біздің қалада өте көп қонақ болады, туристер болады, сол кісілерге өзіміздің мәдениетімізді салтымызды көрсетеміз деген мақсатта осының бәрі ұйымдастырылған.

Жаңару күнінде риддерліктер киіз үй тігуден өзара шеберлігін сынады. Қазақы баспана – бір шегесіз құрылатын сәулет туындысы. Сондықтан оны орнату оңай шаруа емес. Ыңғайын білмей әрең құрып жатқандар да, ебін тауып лезде тіккендер де болды.

Еркебұлан Төлеуханов, сайысқа қатысушы:

- Жылдағыдай киіз үй құрып, соған жарысып, өз бәсекемзді көрсетіп жатырмыз, жарысып жатырмыз киіз үй жарысынан, тігіп жатырмыз, міне, артымызға қарасаңыздар, жанталасып ағайындар Наурыз мерекесіне дайындық боп жатырмыз.

Бұл мерекелік шаралар қаланың барлық ықшамауданында жалғасып жатыр. Ал 22 наурызда кеншілер қаласының ортасына риддерлік шеберлердің қолынан шыққан Тайқазан қойылады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин