Qarmet шахталарында ең алдымен жер астындағы кеншілерді қорғау мен қауіпсіздікке бағытталған жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Ең бастысы – позициялау жүйесі. Қазір ол компанияның барлық көмір кәсіпорындарында белсенді түрде енгізіліп жатыр. Жыл соңына дейін барлық шахталарда қауіпсіздік жүйесі орнатылады деп күтіліп отыр.
Көмір департаментінде орналасқан сараптамалық-диспетчерлік орталықтан кез келген тереңдіктегі жұмысшымен байланысуға болады. Себебі шахталардағы инженерлерде жарылысқа қарсы смартфондар бар. Олар интернетпен бейнебайланыс арқылы диспетчерлермен тілдесе алады.
Юрий Барковский, «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің бас энергетигі:
- Шахтадағы ахуалды бағамдай алатын арнайы қондырғы шамның өзінде орнатылған және ол тікелей тау-кен диспетчеріне сигнал береді. Диспетчер оның жағдайын, жер астындағы орналасқан аумағын көріп отырады.
Кіріктірілген алкотестері бар өткізу турникеттері және автоматтандырылған медициналық куәландыру позициялау жүйесінің құрамдас бөлігі болып саналады. Олардың мақсаты айқын: өндірістік жарақаттардың алдын алу. Сонымен қатар шахталарда ұнтақты өрт сөндірудің автоматтандырылған жүйелері енгізілді. Олар қауіпті аймақтарда – конвейер таспаларының үстінде орнатылады.
Андрей Рудницкий, Күзембаев атындағы шахтаның қауіпсіздік техникасы жөніндегі бас инженерінің орынбасары:
- Құбырда су болмаған жағдайда автоматты жүйе өртті сөндіргіш ұнтақпен сөндіреді. Электр қуаты өшкен жағдайда жүйе резервтік батареямен жұмыс істейді. Орталық басқару пультіне өрт сигналы жеткеннен кейін адамдарды эвакуациялайтын жолда жарық-дыбыстық дабыл жүйесі қосылады.
Шахта ішіндегі жабдықтарды жөндеу және көмір өндіретін әрі сыртқы ортаны бақылайтын жүйелерді жаңарту да жоспарланып отыр. Біріншіден, бұл шаралардың барлығы жұмысшылардың қауіпсіздігіне бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдан бастап «Qarmet» компаниясы шахталарды ауқымды жаңғыртуды жүргізіп келеді. Осы мақсатқа екі жүз елу миллиард теңге бөлінді.
Авторлары: Достық Талғатұлы Лиана Жамлиханова, Сайлау Игіліков, Аман Хамит