Сурдологтардың мәліметіне сүйенсек, жыл сайын елімізде шыр етіп дүниеге келген 1400-ге жуық сәбидің құлағы нашар еститіні, тіпті кейбірі саңырау болып туғаны анықталып жатады. Бұған дейін жаңа туған сәбилердің құлағы қалай еститіні қолмен тексеріліп, тіркеліп келсе, бұл есту кемістігі анықталған балалардың одан арғы тағдырын қадағалау процесіне тікелей әсер ететін еді.
Ендігі жерде Алматыдағы екі бірдей перзентхана мен қос емхана сәбилердің есту қабілетін терең тексере алатын заманауи аппараттарға ие болып отыр.
Осылайша, «Мен естимін» жобасының арқасында мегаполистегі « №5 қалалық перзентхана», «Қалалық пеританалдық орталық», «№10 қалалық емхана» мен «№ 36 қалалық емхана» алып отырған жаңа жабдықтар дүниеге енді келген сәбилердің құлағындағы мүкісті дер кезінде анықтап, дер кезінде емдомын бастауға септесіп, саңыраулықтан сақтап қалары сөзсіз.
Жаңа медициналық құралдар енді туған нәрестелердің құлақтарындағы бірден біліне бермейтін, жасырын кемістігін анықтап, мүгедектікті азайта түсуге мүмкіндік беретіндіктен, екі жылда Алматыда 62 мыңға жуық сәби тексеруден өте алады деген болжам бар.
Бір жағынан «Мен естимін» қанатқақты жобасы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының AYALA қайырымдылық қорымен, «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорым және «САТР» орталығымен жасаған мәмілелерінің аясында іске асырыла бастағанын айту керек.
Жаңа диагностикалық аппараттар цифрлық треккинг орталығына қосылған. Перзентханалар мен емханалардың медбикелері осы жабдықпен жұмыс істей алуы үшін арнайы оқытудан өтті. Енді тест нәтижелері автоматты түрде бірыңғай базаға жіберіледі, онда дәрігерлер динамиканы бақылап, бала туылғаннан кейінгі үшінші айда емес, перзентханадағы алғашқы аудиологиялық скринингтен кейінгі он төртінші күні тексеру сапасын бақылай алады. Мұндай тәсіл деректерді жоғалтпай, қателіктер ықтималдығын төмендете отырып, диагностиканың дәлдігін арттырады.
«Осы жобаның арқасында тәуекел тобындағы балалар қымбат уақыттарын жоғалтпай, дер кезінде емделе алады. Құлағы нашар еститін балалар қала бюджеті есебінен тегін есту аппараттарын ала алады. Бұл мыңдаған балаға сауабы тиетін – мемлекет пен қоғамның ынтымақтастығының тамаша үлгісі», дейді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Назгүл Иманғалиева.
Сонымен тереңдетілген скрининг барысында есту кемістігі анықталған жағдайда, қосымша тексеру үшін баланы мамандарға жібереді. Қажет болған жағдайда «ДОМ» қорының «Балаларға өмір сыйла» жобасы шеңберінде есту аппараттары берілетін болады. Ал естуді протездеу МӘМС есебінен Алматы қаласындағы № 5 қалалық клиникалық ауруханада жүргізіледі.
АЛМАТЫ