Кез келген демократиялық мемлекеттің басты байлығы — халық. Ал салауатты өмір салтын ұстанып, тән саулығына жеткілікті түрде көңіл бөліп, өмір сүру сапасын арттыру жолында жүрген ұлт тұрақты әрі үздіксіз даму жолында болары сөзсіз.
Гаджеттер заманында үлкендерді былай қойғанда телефонмен планшетке телмірген балалар мен жеткіншектерді күнде көріп, көзіміз де үйреніп кетті. Бойға сіңіп бара жақан бұл әдет олардың психикасынан бөлек, тән саулығына кері әсер ететіні сөзсіз.
Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі ҚР оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Арман Ташметовпен балалар мен жасөспірімдер арасындағы спорт пен дене тәрбиесінің насихаты туралы әңгімелескен еді.
Сұхбатымызды бастамай тұрып, ұлттық-ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының нақты мақсат-міндеттеріне тоқталсаңыз.
— Орталықтың қызметінің мақсаты мектепке дейінгі жасөспірімдер, оқушылар және студент жастар арасында дене тәрбиесі мен спорт саласында ғылыми практикалық қызметті жүзеге асыру болып табылады.
Одан бөлек, балалар мен жастардың дене тәрбиесін ғылыми және оқу-әдістемелік қамтамасыз етуге, мақсатты кешенді бағдарламалар әзірлеуге, спорт түрлері бойынша спорттық резервті даярлауға және жасөспірімдер мен студенттердің құрама командаларын жасақтауға қатысу;
Спорт түрлері бойынша республика құрама командасының мүшелеріне педагогикалық, психологиялық және дәрігерлік-биологиялық көмек көрсету, республиканың жасөспірімдер және студенттер құрама командаларын жасақтау жөніндегі жұмысқа, жасөспірімдер мен студенттердің құрама командаларына спортшы-мүшелерінің оқу-жаттығу процесі мен денсаулығына әдістемелік, психологиялық және медициналық-биологиялық бақылауды қамтамасыз ететін арнайы оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қатысу;
Дене тәрбиесі жөніндегі педагог кадрларды қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға қатысу;
Балалар мен жастардың дене тәрбиесі мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, әдістемелік нұсқаулық материалдарды әзірлеуге қатысу;
Қазақстан Оқушылар гимназиадасын, Қазақстан колледж студенттерінің спартакиадасын және Қазақстан универсиадасын, оның ішінде кешенді спорттық жарыстарды (спартакиадаларды, универсиадаларды, турнирлерді) дайындауға және өткізуге қатысу;
Спорт түрлері бойынша республиканың оқушылар, студенттер құрама командаларының жазғы және қысқы Дүниежүзілік Универсиадаларға, Гимназиадаға басқа да халықаралық спорт жарыстарына дайындығы мен қатысуы бойынша іс-шараларды жүзеге асыру және жұмыс жүргізу;
Дене тәрбиесі бойынша педагогикалық кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру бойынша, Қазақстан Республикасында да, оның аумағынан тыс жерлерде де мамандарды тағылымдамадан өткізуді қоса алғанда, жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу;
Өңірлік және халықаралық семинарларды, конференцияларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысу секілді міндеттеріміз бар.
Қазіргі қазақ қоғамындағы дене тәрбиесі мен ұлт саулығы қандай деңгейде деп ойлайсыз?
— Қазіргі таңда Қазақстанда дене тәрбиесі мен ұлт саулығына көңіл бөлінуде. Мемлекет тарапынан спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Халықтың спортпен шұғылдануы, спорттық инфрақұрылымның жақсаруы байқалады. Алайда, әлі де шешімін табуды қажет ететін мәселелер бар.
Мысалы, халықтың әлеуметтік жағдайы, қолжетімді спорттық секциялардың аздығы, әсіресе ауылдық жерлерде, дұрыс тамақтану мәдениетінің төмендігі және т.б.
Сонымен қатар, жастар арасында темекі шегу, алкогольді ішімдіктерді тұтыну сияқты жағымсыз әдеттердің таралуы да алаңдатарлық жағдай.
Жалпы алғанда, дене тәрбиесі мен ұлт саулығын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр, бірақ бұл салада әлі де көп еңбектену қажет.

Сәт сайын құбылып жатқан цифрлық қоғамда бой түзеп келе жатқан өскелең ұрпақ арасында спортты насихаттау ерекше әдістерді талап ететіні сөзсіз. Осы ретте, орталық қандай заманауи әдіс-тәсілдерді қолданады?
— Цифрлық дәуірде спортты насихаттау үшін заманауи технологияларды пайдалану өте маңызды.
Орталық тарапынан келесі әдістер қолданылуда:
- Әлеуметтік желілерді белсенді пайдалану: Instagram, TikTok, YouTube сияқты платформаларда қызықты контенттер (қысқа видеолар, челлендждер, мотивациялық роликтер) жариялау.
- Мобильді қосымшалар: Спорттық жаттығуларға, дұрыс тамақтануға, салауатты өмір салтына арналған қосымшалар жасау.
- Онлайн курстар мен вебинарлар: Спорттық жаттығулардың түрлері, пайдасы, техникасы туралы онлайн сабақтар ұйымдастыру.
- Блогерлермен және танымал тұлғалармен ынтымақтастық: Олардың қатысуымен спорттық іс-шаралар ұйымдастыру, бірлескен жобалар жасау.
Бұл әдістер жастардың қызығушылығын арттырып, спортпен шұғылдануға ынталандырады.

Дені сау ұрпақ қалыптастыру жолындағы қызметтеріңіздде кездесетін кедергілер туралы айтып берсеңіз.
— Дені сау ұрпақ қалыптастырудағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Президент Қасым Жомар кемелұлы Тоқайывтың ұсынуымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Сонымен қатар спорт ғимараттар салынуда, алайда дені сау ұрпақ қалыптастыру – күрделі процесс, сондықтан түрлі кедергілер кездесуі мүмкін. Олар:
- Қаржылық қиындықтар: Аймақтарда спорттық инфрақұрылымды дамытуға, жабдықтар сатып алуға, іс-шаралар ұйымдастыруға қаражаттың жетіспеуі.
- Кадрлық мәселелер: Білікті жаттықтырушылардың, спорттық дәрігерлердің, нұсқаушылардың тапшылығы.
- Халықтың белсенділігінің төмендігі: Спортпен шұғылдануға ынтаның болмауы, уақыттың жетіспеуі, мотивацияның жоқтығы.
- Салауатты өмір салты туралы ақпараттың жеткіліксіздігі: Дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден аулақ болу туралы білімнің төмендігі.
- Отбасының рөлінің төмендеуі: Балалардың спортпен шұғылдануына ата-аналардың көңіл бөлмеуі.
- Жергілікті жерлердегі жағдайлардың әртүрлілігі: Ауылдық жерлерде спорттық инфрақұрылымның нашарлығы, қолжетімділіктің шектеулігі.
Бұл кедергілерді еңсеру үшін мемлекеттік қолдауды күшейту, халықпен белсенді жұмыс жүргізіп, салауатты өмір салтын насихаттау қажет.
Орталықтың алдағы жоспарларымен бөліссеңіз.
— Қазіргі таңда орталық уақыт талабына сай трансфармациялаудан өтеді. Орталықтың қызметін трансформациялау шеңберінде облыста ғылыми және оқу — әдістемелік жұмыс жүргізіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен балаларды медициналық-биологиялық және психологиялық қамтамасыз ету, салауатты өмір салтын қалыптастыру, білім алушылар арасында дене белсенділігі мен дұрыс тамақтануды насихаттауды жалғастыра бермекпіз. Бұдан бөлек, ҚР Қорғаныс министрлігінің көмегімен АӘД пәнін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету және балаларды әскери-патриоттық тәрбиелеу де назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер әзірлеу жөніндегі жұмысты жандандыру да негізгі жоспарларымыздың бірі. Оқушылар мен студенттерді ҚР Туризм және спорт министрлігімен тығыз өзара іс — қимыл жасай отырып, бұқаралық спорттық іс-шаралар мен мүдделер клубтары арқылы дене шынықтыру дайындығы мен тұрақты спортпен шұғылдану деңгейін арттыру үшін спорттық-бұқаралық іс-шараларға, турнирлер мен чемпионаттарға кеңінен тарту да жоспарда бар.
Әңгімеңізге рақмет!