Қазір тасқынның алдын алу мақсатында арнайы жедел штаб құрылды, деп хабарлайды 24kz.
Олар өзен-көлдердегі су деңгейін тәулік бойы бақылап отыр. Сонымен қатар мыңға жуық құтқарушы мен 450-ден астам техника сақадай сай тұр.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Қазір облыс аумағында қардың 80%-і еріп кетті. Жер беті қарайғанымен, тау мен төбедегі қар көбесі әлі сөгіле қойған жоқ. Сол себепті жергілікті билік күшейтілген режимде жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Елдос Рамазанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
- Тасқын қаупі жоғары аймақтарда су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 3 млн текше метр қар шығарылып, 300 мың текше метр су сорылды. Бұдан бөлек, жеке сектордағы үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 25 мың қап инертті материал төселді.
Облыс орталығындағы тасқын қаупі толық сейілді. «Былтыр шаһар тұрғындарын әбігерге салған Қылшақты өзенінен келетін қауіп жоқ», — дейді мамандар. Енді аудандардағы жағдайды қадағалау маңызды. Әсіресе, Жабай, Калқұтан, Шағалы өзендеріндегі су деңгейі басты назарда.
Болат Шәбезов, ТЖД басқарма бастығы:
- Қазір облыс бойынша 600 тоннадан астам инертті материал дайындалды. 80 шақырымға жуық арық пен 50 шақты су өткізу құрылғыларын қар мен қоқыстан тазарттық. Ал Жабай, Қалқұтан, Шағалалы өзендеріндегі жағдай әзірге тұрақты. Онда мұз жару жұмыстарын жүргіздік.
Осы аптада өңірдегі 22 жолды су шайып кетті. Қазір онда инертті материал төселіп, көлік қозғалысы қайта жанданды. Сонымен бірге жергілікті төтенше жағдай қызметкерлеріне елордадан және Қарағанды, Алматы облыстарынан 117 құтқарушы көмекке келді. Қазір олар тасқын қаупі жоғары аудандарға жіберілді.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный