Current Date: 23-03-2025

Ұлыстың ұлы күні әр өңірде кеңінен тойлануда

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Ұлыстың ұлы күні әр өңірде кеңінен тойлануда. Орталық алаңдар мен саябақтарда киіз үйлер тігіліп, қазан көтеріліп, әннен шашу шашылуда. Алғыс айту күнінен бастау алған ұлық мейрам ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырды, бір-біріне бауыр етті.

Ертіс-Баян өңірінде Ұлыстың ұлы күні ұлттық сипаттан жалпыхалықтық мерекеге айналды. Орталық алаңға халық биыл жылдағыдан көп жиналған. Жағалай тігілген киіз үйлерге кірген көпшілікке осы өңірден шыққан ұлылар жайлы мәліметтер берілді.

Балтабай Сыздықов, Павлодар қаласының тұрғыны:

Жылдағы Наурызға қарағанда ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдебиетімізді жас ұрпаққа үлгі-өнеге болардай бағытта өтіп жатыр.

Ұлыстың ұлы күнін ақтөбеліктер де ерекше көңіл күймен қарсы алып жатыр. Өнерпаздар театрландырылған қойылымдар мен ұлттық дәстүрді дәріптейтін көріністерді ұсынды. Халқымыздың бай музыкалық мұрасы мен дәстүрлі әндер шеруі де жиналғандардың көңілінен шықты.

Сержан Аманқұлов, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының әртісі:

Мен Әбілхайырдың образындамын. Адами тілегім — бірге қосылып, бәрімен бірге бақыт тілеймін, жақсылық тілеймін.

Арқа жұрты да арқа-жарқа болып Наурыз мейрамын тойлауда. Әні мен сәні келіскен концерттік бағдарлама мен қаз-қатар тізілген киіз үйлер мерекенің сәнін келтірді.

Алтын Зиядова, қала тұрғыны:

Айтулы мерекеде, жаңа жылымызда халықтың көп. Жылма-жыл бұл үрдістің көбейіп келе жатқаны қуантады.

Айтулы мерекеде бабаларымыздан бері жалғасып келе жатқан жанашырлық, тілеулестік сияқты қазақ халқының асыл қасиеттері дәріптелді. Мерейлі мереке жылдан жылға ауқымын кеңейтіп, елге ерекше әсер сыйлауда.

Жандос Бақытұлы