Арқалық әуежайының тағдыры қайта қаралуда, деп хабарлайды 24kz.
Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Үкіметке осы әуежайды қалпына келтіруді тапсырды. Бір кездері жекеменшікке өткен шағын шаһардағы әуе айлағы кейін коммуналдық меншікке қайтарылған. Алайда оның нақты қашан жөнделіп, қайта іске қосылатыны әзірге белгісіз.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Білетіндердің айтуынша, Арқалық әуежайы 1980 жылдардың басында салынған. Торғай өңірінің әуе қақпасы саналған бұл нысан 1998 жылы жұмысын тоқтатып, бүгінде қирап, құр қаңқасы қалған. Кезінде Ил, Ту сияқты ірі әуе кемелерін қабылдаған ұшу-қону алаңдары да бүгінде тозып тұр.
Арқалықтың байырғы тұрғыны Мақсұт Рахилин бұл әуежай кезінде Орта Азия елдері мен Ресейден келетін ұшақтарды қабылдағандығын айтады. «Әуе айлағының инфрақұрылымы, техникалық мүмкіндігі соған сай еді», - дейді.
Мақсұт Рахилин, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Осы аэропорт, анау жерде бес этажды ғимарат болды, арысы ГСМ, мына жерде аэронавигациясы болды. Әрі қаратай автопарк бәрі осында тұратын. Мынау жолақ, мінекей, анадан былай ұшады, анадан қонып, осы жерге дейін келіп, мына жерде қонады.
«Әуежай ашылады» деген ақжолтай жаңалықты арқалықтықтар қуана қабылдады. Бұл жаңалық жалпы Торғай өңірінің дамуына оң әсерін тигізеді деген пікір бар. Жоспарға сәйкес ең алдымен әуеайлақтың ұшып-қону жолағы жөнделуі тиіс. Сонымен қатар метеорологиялық және радиотехникалық құрал-жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр.
Дархан Ермағамбетов, Арқалық қаласы әкімінің баспасөз-хатшысы:
- Білуімізше, алғашқы кезекте облыс орталығы Қостанай қаласына және Астана қаласына және Алматы қаласына осындай ұшақ рейстері қолданысқа енгізіледі деген ақпарат бар. Сонымен қатар мұның бағасы тұрғындар мен жолаушыларға қалтаға тиімді, қолжетімді болады деп айтылды. Себебі оны Үкімет тарапынан субсидиялайтын болады.
Бастапқы болжам бойынша Арқалық әуежайын қалпына келтіруге 8 миллиард тенгеден астам қаржы қажет. Бірақ нақты жөндеу жұмыстары қашан басталатындығын ешкім дөп басып айта алмайды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг