Current Date: 25-03-2025

Тазару күніне орай өңірлерде «Таза жағалау» акциясы өтті

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Наурызнама он күндігінің 23 наурыз – Тазару күніне орай өңірлерде «Таза жағалау» акциясы өтті. Еріктілер, мекеме қызметкерлері мен тұрғындар бірігіп, көшелерді, демалыс алаңдары және өзен жағалауларын қоқыстан тазартты.

Қызылорда облысында жаппай сенбілік өтіп, көшелер мен демалыс және ойын алаңдары қоқыстан тазартылды. Аймақта тазалық күніне 20 мыңнан астам адам атсалысып, 2500 тонна қалдық шығарылды. Былтыр қайта жаңғыртудан өткен қаладағы ботаникалық саябақта көпшілік ағаш көшеттерін отырғызып, арықтарды суарды. Жалпы наурызнама он күндігінде өңірде 30 мың түп тал егілген.

Бейбіткүл Кәрімова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректор:

Осы ботаникалық бақта 2500 мыңға жуық қылқан жапырақты, жеміс ағаштары отырғызылды. Қала жұртшылығына демалатын әдемі орынға айналды. Әлі де бұл жерде екпе жұмыстары жүргізілетін болады.

Жастар жалғызілікті қарттарға жәрдемдесті

Ал Петропавлдық жастар акция аясында жалғызілікті қарттарға жәрдемдесті. Көшедегі құдықтан су тасып, үй шаруасына қолғабыс етті. Зейнеткерлер волонтёрлар тек акция шеңберінде ғана емес, кез келген уақытта көмекке келетінін айтып, алғыстарын білдірді.

Галина Малыгина, зейнеткер:

Волонтёрлар қар тазалап, көмір тасып, су әкеліп береді. Үй шаруасына да қолғабыс етеді. Жастарға ризамын, алғысым шексіз.

Аймақта ағаш отырғызу қарқын алды

Таразда қала жастары наурызнама онкүндігі аясында «Денсаулық саябағын» тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Еріктілер ел болып экологияны сақтап, табиғатты таза ұстауға үндеді. Жалпы биыл Жамбылда «Таза Қазақстан» акциясына 10 мың адам жұмылмақ. Еріктілер 200 мыңға жуық көшет егіп, мың шақырым канал мен арық-атызды тазартпақ. Сондай-ақ, 200 мың аула мен 10 мың шақырым көше жолын тазалау жоспарланған.

Ринат Ағаділ облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының жетекшісі:

Наурызнама онкүндігінде жастар орталығы бойынша 150-ге жуық жұмыс атқарылды және ол жұмыстарға 500-ден аса жастар қамтылды. + Жастардың қосқан үлесі өте көп. Бұдан әрмен қарай да өзіміздің үлесімізді қоса береміз деп айта аламыз.

Жайық жағалауы қоқыстардан тазартылды

Атыраудағы «Таза жағалау» акциясына 500-ден астам ерікті, мекеме қызметкері мен қала тұрғындары атсалысты. Олар Атырау ықшам ауданындағы Жайық жағалауын қоқыстан тазартты.

Нұрсұлтан Нұрсейіт