Президент Бурабайдағы ұлттық құрылтайда Талдықорғандағы білім ордасы
қарапайым әрі тартымды екенін айтып, «осындай мектепті барлық жерде салу керек» деген еді. Мемлекет басшысы атап өткен оқу ошағының ерекшелігі неде?
Ұлттық құрылтайда көпшілікке үлгі етілген мектеп осы. Былтыр ғана ашылған білім ордасына үш ауылдан 1200 бала келіп оқиды. Солардың қатарында оныншы сыныптың оқушысы Жанболат Мәлік те бар.
Жанболат Мәлік, оқушы:
- Бұл мектепке көшіп келгеніме өзіме ұнады. Осы мектепке көшіп келгелі барлығы күшті болды. Жаңа достар таптым. Осы мектептің арқасында Президентті де көрдік.
Білім ордасының аумағы 1600 шаршы метрден асады. Оны салу үшін 3 млрд 600 млн теңге жұмсалған. Қаражаттың тең жартысы қазынадан бөлінсе, қалғаны жемқорлардан тәркіленген.
Сәуле Үсенова, Ынтымақ ауылдық №30 орта мектеп директоры:
- Бұл мектеп «Жайлы мектеп» болмаса да «Жайлы мектеп» сияқты. Тек қана білім емес шығармашылығын дамытуға да қолайлы жағдай жасалған. Мектепте бір спорт зал, бір акт залы бар. Акт залында алты жастан бастап балалар гимнастикамен шұғылданады. 6 модификациялық кабинетіміз бар. Жазда көкөніс отырғызатын, балалар зертханалық жұмыс жүргізетін 4 жылыжай бар.
Қазақ мектебінде ұлттық құндылықтарды ұлықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Даярлық тобындағы бүлдіршіндерге салт-дәстүріміз ойын арқылы үйретілсе, жасөспірімдерге көріністер көрсетіліп, қызықтыратын әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Оған ұстаздар мен ата-аналар да қатысады.
Әйгерім Рысбекова, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Ұлттық құндылықтарға үйрететін тәрбиелі ұрпақ өсіріп отырған мектеп. Сонымен қатар бұл мектепте ұлттық ойындар өткізіледі. Менің қызым тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысады. Түрлі ойын сауық орталығы бар. Шеберханасы бар. Темірмен, ағашпен жұмыс істейді. Менің ойымша, осы мектепте тәрбие алған балалар мықты азамат болып шығады деп ойлаймын.
Президенттің ауыл мектебін күллі қазақ зиялылары басқосқан құрылтайда атап өткені ұжымның мерейін үстем етті. Ұстаздар қауымы алқалы жиында айтылған «Адал азамат» бағдарламасын көкейге қонымды бастама деп отыр.
Гауһар Ордағұлова, Ынтымақ ауылдық №30 орта мектеп мұғалімі:
- Осы ұсынысты қолдаймыз. Әрі қарай осы бағытмен жалғастыра беруге мүмкіндік бар. Себебі бұл бағдарлама балаларды ұлтжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейді. Өзін өзі бағалауға тәрбиелейді.
Қайрат Қасымов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- 315 мектептің 57 күрделі жөндеуді талап етеді. Жоспар бойынша алдағы үш жылда соның бәрін жасап шығамыз деп отырмыз.
Жетісу облысында биыл жеті мектептің құрылысы басталады. Тағы жетеуі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылатын болады.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын