0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Абай облысы, Үржар ауданында жүкті әйел босану кезінде көз жұмған. Марқұмның күйеуі қайғылы оқиғаға дәрігерлерді кінәлап отыр. Ана мен бала өлімінен кейін медицина қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ауданның бас дәрігері қатаң сөгіс алып, екі орынбасары қызметінен босатылыпты. Алайда біраз уақыт өткен соң олар қайта жұмысқа қабылданған.
34 жастағы Гүлнәр Қайратқызы перзентханаға өз аяғымен барып, қайтып оралмады. Марқұмның артында үш баласы қалған. Жақындары оның өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп санайды және жауаптылардың жазалануын талап етуде.
Ұлан Балапанов, марқұмның жұбайы:
Ешқандай денсаулығында кінәрат болған жоқ. 27-ші қаңтар күні өз аяғымен ауруханаға барды. Үлкен қызым алып барды. Сағат он жарымда бұл кісілер қабылдап алды. Кешкі 9-да больницаға барсам, мені шақырған кісі бір комнатаға қамап қойды. Бір орынбасары жолдасың мен балаңнан айырылып қалдық деп айтты. Сосын өзім де не болғанын білмей кеттім.
Ана мен баланың өлімінен кейін сот медициналық сараптама жүргізілді. Оның нәтижесінде екпе кезінде әйелдің ішкі қан кету салдарынан көз жұмғаны анықталды. Оқиғадан кейін жұмысына салғырт қараған бас дәрігердің екі орынбасары, жансақтау және босану бөлімдерінің меңгерушілері жұмыстан босатылған. Алайда араға аз уақыт салып, қайта қабылданыпты.
Ерлан Қаржаубаев, аудандық аурухана бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы:
Бас дәрігердің екі орынбасары жұмыстан босатылды. Бірақ қазір қарапайым дәрігер ретінде қайта жұмысқа қабылданды. Бұл дәрігерлер қазір операция жасау секілді жұмыстардан шеттетілді.
Қазір қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Сұңғат Әділбеков, Абай облысы ПД тергеу басқармасының бастығы:
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады.
Марқұмның туыстары кінәлі медицина қызметкерлерінің заңға сай жазалануын талап етуде. Қайғыдан қан жұтқан отбасы әділ шешім шықпаса, Жоғарғы сотқа жүгінбек. Жалпы Абай облысында 2022 жылдан бері ана мен бала өлімінің 9 жағдайы тіркелсе, соның үшеуі Үржар ауданында болған.
Ержан Жақып