" Алматы Су" коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментінің директорына 9 қаңтарда шыққан сот үкімі қайта қаралды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Антикордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін, 2025 жылдың 9 қаңтарында Алматы қаласының Бостандық аудандық соты "Алматы Су" коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментінің директоры М. Жолдыбаевқа үкім жариялаған болатын.
Антикордың Telegram-дағы арнасындағы мәліметке сүйенсек, ол орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою және қаланың кәріз жүйесін күрделі жөндеу және сумен жабдықтау жөніндегі жұмысты мемлекеттік сатып алу шарты бойынша бюджет қаражатын аудару сылтауымен кәсіпкерден 75 млн теңге жымқыруға оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.
Ол кезде Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.
Кейін қадағалаушы прокуратураның наразылығы бойынша Алматы қалалық сотының сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді.
"Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сот залында сотталған адам қамауға алынды", — делінген Антикор хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.