Current Date: 29-03-2025

Қоқыс өңдеу зауыттарына утиль алым есебінен қаржы бөлінеді

Елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) жинауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер арнайы кәсіпорындардың шығындарын жаппайды. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Республикада жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қалдық түзіледі. Былтыр қоқысты қайта өңдеу деңгейі шамамен 26%-ды құрап, жоспарланған 30%-ға жетпеген. Аталған мәселені шешу үшін министр мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігін енгізуді ұсынды. Осы тетік шеңберінде ТҚҚ-ға шекті, экономикалық негізделген тарифті бекіту, сондай-ақ оны әкімдіктер деңгейінде белгілеу жөніндегі құзіретті айқындауды ортаға салды. Ол бойынша қазіргі және ұсынылатын тарифтер арасындағы айырмашылықты утиль алымдары есебінен жабу жоспарланып отыр.

Бұған қоса, Мемлекет басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде утиль алымдары есебінен жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілген. Бұл утиль төлемі есебінен қаржыландырылатын, төлемдер бойынша екі жылға дейінгі демалысы бар жылдық 3%-дан 15 жылға дейінгі қарыздарды қамтиды. Бүгінгі таңда Министрлік әкімдіктер ұсынған құны шамамен 317 млрд теңге болатын 67 жобаны мақұлдады, оның 43-і қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған.

Министрлік жүргізген талдау нәтижесінде өңірлерде жобаларды іске асыру және қайталама шикізатты барынша өндіру кезінде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі қуаттарды ұлғайту үшін айтарлықтай әлеует бар екені анықталған.