Елімізде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі таратылды, деп хабарлайды 24kz.
Бүгін Алматыда жалпы жиналыс өтіп, ұйым жарғысына сәйкес оны ерікті түрде тарату туралы тарихи шешім қабылданды. Академиктер бұл шешімді елдің ғылыми әлеуетін бір орталыққа шоғырландыру мақсатында қолдады. 2023 жылы Президент жанындағы жаңа Ұлттық ғылым академиясы құрылып, оған мемлекеттік мәртебе берілген. Бұл академия қызметіне ұқсас функциялардың қайталануын болдырмай, оны жаңа форматтағы бірегей әрі орнықты ғылыми орталық ретінде нығайтуға мүмкіндік береді. 2023 жылы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Соның арқасында жас ғалымдарды қолдауға, университеттік ғылымды дамытуға, ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға және өңірлердегі ғылыми инфрақұрылымды нығайтуға айрықша көңіл бөлінуде. Бірлестіктің жалпы жиналысында қабылданған бүгінгі шешім – ғылыми сабақтастықты сақтап, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту жолындағы маңызды қадам.
Кенжехан Матыжанов, академик:
- Президент жанынан жаңа академия құрылды. Міне, осы төңіректе ғалымдардың көптен бері сұрап жүрген мәселесі осы 2 академияны біріктіріп, жалпы ғалымдардың күш-жігерін шоғырландыру. Мемлекеттік тұрғыдан жұмыс істеуге де және жалпы ғылым қуатын арттыруда бұл ғалымдар бірлігі өте қажет дүние.
Кәрімбек Құрманалиев, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры:
- Бұл енді Президент тағайындаған өзінің жанындағы академияның әлеуетін көтереді. Былайша айтқанда, аға буынның да, орта буынның да, кіші буынның да жалғастығын, дәстүр жалғастығын ғылымды дамыту жалғастығына бет алған тұс.