Current Date: 01-04-2025

Жамбыл облысындағы зілзаладан келген зиян көлемі толық анықталады

Жамбыл облысындағы зілзаладан келген зиян көлемі, ай соңына дейін толық анықталады.

Содан кейін ғана, шығындар есептеледі. Бұл туралы қазір аймақтағы үкметтік комиссияға жетекшілік етіп жүрген Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлімдеді.

Жамбылда болған жер сілкінісінен әзірге екі аудандағы 28 нысанға залал келгені белгілі. Оның тең жартысы әлеуметтік мекемелер. Бұл қатарда Тұрар Рысқұлов ауданындағы 11 ғимарат бар.

Бауыржан Есеев, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары:

- Залал келген мектеп ғимаратына 630 млн теңгеге толық жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар балабақша бар. Бұл нысандардың құжаттары әзірленіп жатыр. Үй-жайлары зардап шеккен тұрғындар жергілікті атқарушы органдарға немесе әкімдіктегі арнайы штабқа жүгінуіне болады.

Үкіметтік комиссия табиғи апаттан бүлінген үйлер мен әлеуметтік нысандарды аралап жүр. Тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетіні айтылды.

Бейсегүл Айымбекова, «Жаңа тұрмыс» ауылының тұрғыны:

- Үрей болды бізде. Қорқып далаға шықтық бәріміз. Үкіметтік жұмыс топтары келіп кетті. Бәрін тексеріп, жасап береміз деп. Сызып, барлығын істеп береміз деп жатыр.

Әлеуметтік нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ал 40 пайызы бүлінген «Балдәурен» балабақшасы сәуірдің соңына дейін жабылды. Онда білім алатын 250 бала уақытша басқа ұйымдарға ауыстырылды.

Кеген Тұрсынбаев, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:

- Бір поликлиника бар. бір балабақшасы бар. Тағы да басқа объектер бар. оларды қазіргі комиссия құрылған. Осы біздің тобымызда да комиссия мүшелері бар. Олар бүгін кешке дейін, ертең де комиссия қарайды. Қандай шешім қабылдайды комиссия жұмысы біткен соң толық айта аламыз.

Аймақтағы жағдай үкіметтік комиссияның бақылауында. Жер сілкінісі қаупі жоғары аудандарда құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр.

Серік Селеубайұлы, Анастасия Сулейманова