Current Date: 01-04-2025

Ризабек Айтмұхан Азия чемпионатының финалында жеңіліс тапты

Иорданияда күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Ризабек Айтмұқан күміс жүлдегер атанды, деп жазады 1bol.kz.

Отандасымыз еркін күрестен 97 келінің финалдық бәсекесінде жапон Араш Йошидадан 7:1 есебімен жеңілді. Белдесу тартысты өтті деуге келмейді, жапон балуаны қазақ қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетіп, оның әдіс жасауына еш мүмкіндік берген жоқ. Бірінші кезең нәтижесінде Йошида 3:0 есебімен алға шықса, екінші кезеңде ол тағы төрт ұпай еншіледі. Ризабек болса соңғы минутта ғана бір ұпайға қол жеткізіп, белдесуді жеңіліспен аяқтады.

Айта кететін жайт, отандасымыз осымен үшінші жыл қатарынан Азия чемпионатында күміс жүлде иеленіп отыр. Ол 2023 жылы 92 келіде өнер көрсетіп, дәл осы Йошидадан финалда жеңілген еді. Ал, өткен жылы Бішкекте 97 келіде Ахмед Тажудиновке 4:2 есебімен есе жіберді.

Ризабек Айтмұқан – Қазақстан тарихында еркін күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы балуан.

Еске салсақ, биыл Алматыда өткен PWL-8 кәсіпқой күрес турнирінде қазақстандық әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан америкалық Олимпиада чемпионы Кайл Снайдермен белдесіп, ірі есеппен жеңілген болатын.