Current Date: 01-04-2025

Астанада жұмыс кестесі өзгере ме? Мән-жай белгілі болды

Астана әкімдігі өкілдері жаңа жұмыс кестесіне көшу туралы мән-жайды айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнулқабденнің сөзінше, Астананың жаңа жұмыс кестесіне көшуі қаладағы трафик жүктемесін төмендетуге байланысты. Tengrinews.kz Астана әкімдігіне ресми сауал жолдаған.

Елорданың көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының жауабына сүйенсек, бүгінде деректер жиналып жатыр.

"Жиналған ақпарат негізінде жұмыс уақытын өзгерту бойынша ұсыныстар әзірленеді. Шешім қоғамдық тыңдаудан кейін қабылданады", — деп жазылған жауапта.

Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарының тұрғындары 24 ақпаннан бастап "меншікті уақыт белдеуіне" көшкені хабарланды.

Енді Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарында жұмыс күні сағат 08:00-де басталып, 17:30-да аяқталады, түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін. Мұндай кесте жұмыс істейтін тұрғындар күндізгі уақытты тиімді пайдалану үшін енгізілген, өйткені аймақта ерте күн шығып, ерте күн батады.

Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Самара аудандандарының тұрғындары да 5 наурыздан бастап жұмыс күнін бір сағат ерте бастайтын болды.

Кейінірек сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында ШҚО-ның бірқатар ауданында (Қатонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Күршім) жұмыс кестесі сағат 8:00-ден 17:30-ға дейін түзетілгенін, бұл тұрғындар тарапынан оң баға мен қолдау тапқанын мәлімдеді. Министр қажет болған жағдайда осындай тәжірибені жергілікті атқарушы органдар басқа өңірлерде де қолдана алатынын айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget