Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ақорда кулуарында сән-салтанат салығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Журналистер министрден Қазақстанда неліктен сән-салтанат салығының орнына тауарлардың жекелеген түріне салықты арттыру туралы шешім қабылданғанын сұрады.
"Ол үшін сән-салтанаттың не екенін нақты біліп алуымыз керек. Қазір салық салынатын нәрсені алар болсақ, онда бұл да сән-салтанат. Егер сіздің барлық жылжымайтын мүлігіңіздің жалпы сомасы 450 млн теңгеден асса, сіз, қателеспесем, базалық мөлшерлеме жылына 3 млн теңге, оған қоса сомадан асқан бағаға тағы 2 пайыз салық салынады.
"Құны 75 млн теңгеден асатын көлік, қымбат алкоголь, қымбат шылымға жоғары тарифпен төлейсіз. Сіз тағы нені сән-салтанат деп санайсыз, тіпті білмеймін", — деді Серік Жұманғарин.
Ол бөлек салық салу әкімшілік қажеттіліктен туындайды деп түсіндіреді.
"Бәлкім, әдістемелік тұрғыда болашақта шатасып қалмас үшін, өйткені мұндай нәрселерді енгізгенде нақты түсінік болуы керек. Егер ертең нақты түсінік болмаса, сізге салық салуда қате кетуі мүмкін", — деп түсіндірді министр.
Еске салсақ, бірнеше күн бұрын Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин Қазақстанда сән-салтанат салығын енгізу жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.
"Жекелеген нысандарға бөлек жоғары салық салынады. Мысалы, қымбат алкогольге. Елге 5 млн теңге тұратын бір бөтелке коньяк әкелінсе, ал меніңше, қазір бір шөлмекке шамамен 470 теңге салық салынады, енді біз бұл салыққа құнының 10 пайызын қосамыз, яғни қосымша салық салынады", — деп түсіндірді ол.