Current Date: 02-04-2025

Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

Түркістанда Сидней олимпиадасының чемпионы, даңқты боксшы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы 23-ші халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды 24KZ. Биылғы дүбірлі додаға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан, Қытай, Египет, Сауд Арабиясы, Кувейт және Қазақстанның барлық өңірінен 300-ге жуық жас боксшы қатысып жатыр.

Турнирде ерлер арасында 13, ал қыздар арасында 6 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Турнирдің ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығы, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, белгілі бапкерлер және Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова арнайы қатысты. Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) талаптарына сәйкес турнир жеңімпаздарына «спорт шебері» атағы беріледі. Жарыс қорытындысы 4 сәуір күні белгілі болады.

Айта кетейік, былтыр Түркістанда Бекзат Саттархановтың есімімен аталатын заманауи спорт кешені ашылып, жас спортшылар үшін маңызды орталыққа айналған болатын.

Мирас Түкенов, жарысқа қатысушы:

- Бірінші жекпе-жегім өте қиын болды. Рингті сезініп, ауыр болады. Қарсыласым Жетісудың баласы жақсы бокстасады. Бұрында жарыстарға шығып жүрген боксшы. Осы жарысқа жақсы дайындалдық. Жеңіске жеттік. Менің арманым осы Бекзат ағамыз сияқты Олимпиада ойындарының жеңімпазы болғым келеді.

Ермахан Ибраимов, Сидней Олимпиадасының чемпионы:

- Бекзат Саттархановты еске алуға арналған турнир халықаралық бокс деңгейінде өте биік дәрежеге жетті. Үздіксіз өтіп келе жатыр. Сондықтан да бұл турнирде жеңген боксшы ол әлем чемпионаында медаль ала алады деген сөз. Спорт шебері атағын берейін деп жатыр ғой, спорт шебері атағы бұл турнирге жеткіліксіз. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атақ беріп жатса да, артық болмас еді.