Атырау қаласының прокуратурасы жыл басынан бері 200-ден астам баланың құқығын қорғады. Жергілікті атқарушы органдар мен полицияның 24 қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Полиция қызметкерлері кәмелет жасына толмағандарға қатысты қорғаушының қатысуынсыз әкімшілік хаттамалар толтырған. Прокуратураның наразылығымен осындай 197 хаттаманың күші жойылды. Үйден оқитын мүгедек балаларға жәрдемақы төленбегені, заңмен белгіленген нормаларға сәйкес жетім балаларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үй кезегіне қоймағаны туралы деректер анықталды», деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Прокурорлық қадағалау актілері негізінде 3 жетім бала тұрғын үй алу кезегіне тұрғызылды. Ал үйден білім алатын 7 мүгедек балаларға жәрдемақы төленді.
«Осылайша прокуратураның араласуымен жетім және мүгедек балалардың конституциялық құқығы қорғалды. Прокуратура қызметкерлері теріс мазмұнды және өз-өзіне қол жұмсауды, есірткі құралдарын насихаттайтын 85-тен астам интернет-сайтты, чаттар мен әлеуметтік желідегі парақшаларды бұғаттады», -деп мәлімдеді прокуратурадан.