Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы келесі жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу аясындағы кезекті турды өткізді. « Астана Арена» стадионында Солтүстік Македония ұлттық құрамасына қарсы өткен матчта 0:1 есебі тіркелді.
Тартысқа толы ойынның 33-минутында Александр Трайковски соққан гол қонақтардың еншісіне 3 ұпай жазды. Әли Әлиев баптайтын біздің жігіттер барын салып ойнады. Екі таймда да басымдық танытып, қысым жасап, дүркін-дүркін шабуыл бір толастамады. Максим Самородов пен Дастан Сәтбаевтың соққылары македониялықтар қақпасының бірде бағанынан, енді бірде маңдайшасынан кері қайтты.
Матчтан кейін пікір білдірген ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиев стадионға келген жанкүйерлердің алғаусыз қолдауына зор алғысын жеткізді.
– Футболшыларымызды жігерлендіріп, ерекше атмосфера орнатқан жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Жігіттер барын салды, дайындықты да тыңғылықты өткіздік. Стадионда көгілдір экраннан тамашалаған қалың көрермен тартысқа толы ойын көрді. Біз соңына дейін күресеміз деп серттескен едік, уәдемізді жұтпадық. Гол соғатын мүмкіндігіміз көп болды. Матч алдында қарсылас құраманың ойын өрнегін көріп, сараладық. Еуропаның беделді чемпионаттарында ойнайтын ойыншылар шарболаттай шыңдалған. Олар Уэльс пен Бельгия ұлттық құрамаларына қарсы да қайсар мінез көрсетті. Соның барлығына біздің жігіттер психологиялық тұрғыда дайын болды, – деді бас бапкер.
Бұл ойынға бірқатар футболшы қатыспады. Құраманың бас бапкері алаңға шықпаған ойыншылардың өзіндік себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, медициналық штаб Түркияның «Бешикташ» клубында ойнайтын Бақтияр Зайнутдиновті жарақатына байланысты матчқа қатыстырмау жөнінде ресми өтініш жолдапты. Бірақ Бақтияр ойынға қатыспаса да жігіттерді қолдауға арнайы келді. Медициналық тексерістен өткеннен кейін Георгий Жуковтың да жарақатынан құлан таза айықпағаны анықталған. Рамазан Оразов Данияның «Силькеборг» клубында жиі алаңға шықпауы себепті, ойын тәжірибесі аздық еткендіктен де қатарға қосылмаған.
Біздің жігіттер Солтүстік Македония ұлттық құрамасына қарсы ойын алдында сырт алаңда Беларусь құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 4:1 есебімен жеңілді.
Асхат Тағыберген ұлттық құрама сапындағы соңғы ойынын өткізіп, жанкүйерлермен қоштасты. Алаңға жігіттерді бастап шыққан саңлақ өкшелеп келе жатқан кейінгі толқынға тізгінді беретінін мәлімдеді.
– Солтүстік Македония ұлттық құрамасына қарсы матч – ұлттық құрама жейдесіндегі соңғы ойыным. Бұл шешімге отбасыммен ақылдасып келдім. Жастарға кезек беретін кез жетті. Футбол – бәсекемен шыңдайтын спорт. Футбол әлеміндегі мансабымды клуб сапында жалғаймын. Осы «Астана Арена» стадионында 30 мың көрерменнің көз алдында азулы Дания құрамасын жеңгеніміз, сол тартыста соққан голым жүрегімнің түкпірінде мәңгі сақталып, ешқашан ұмытылмайды. Ұлттық құраманың мүшесі атанғаныма, капитандық міндетті арқалағаныма қуаныштымын», деді талантты футболшы. Ол 2014 жылы 23 жасында ұлттық құрама қатарына қосылып, алғашқы матчын Мажарстан құрамасына қарсы өткізді. 11 жыл ішінде бас команданың намысы үшін 64 матчқа қатысып, 3 гол соқты, нәтижелі 7 пас берді.
Ұлттық құрама келесі матчты да өз алаңында өткізеді, 4 қыркүйекте Уэльс футболшыларына қарсы ойнайды. Әлем чемпионатының финалына іріктеу сынын J тобында өткізетін еліміз құрамасының еншісінде әзірге 3 ұпай ғана. Көш басында 8 ұпай жинаған Солтүстік Македония тұр. 4 ойын өткізіп, 7 ұпай еншілеген Уэльс құрамасы 2-сатыда. Бельгия футболшылары 2 матчта 4 ұпай жинады. Көш соңында ұпайы жоқ Лихтенштейн құрамасы келеді.
Келесі жылы үш мемлекет: АҚШ, Канада һәм Мексика елі тізе қосып өткізетін әлем чемпионатына Өзбекстан ұлттық құрамасы да қатысады. Орталық Азиядағы бес туысқан елдің ішінен алғаш болып өзбек футболшылары жаһандық мундиалдың додасына түседі. Азия футбол қауымдастығына мүше Өзбекстан ұлттық құрамасы жолдама үшін Иран, БАӘ, Қатар, Қырғызстан, Солтүстік Корея құрамаларымен тартысқа түсті. Алты команда арасынан үздік шыққан Иран мен Өзбекстан футболшылары әлем кубогіне қатысу мүмкіндігін еншіледі. Өзбек футболшыларын тарихи жетістікке жеткізген жергілікті маман – Тимур Кападзе. Спортқа ұлттық мүдде тұрғысынан қараудың үлгісі осындай болса керек.