Ұлттық банктің киберқылмысқа қарсы күресетін Антифрод орталығы өз тиімділігін көрсетті, деп хабарлайды 24kz.
Орталық 10 ай ішінде 2,5 млрд теңгеден аса шығынның алдын алды. Яғни, мыңдаған қазақстандық алаяқтардың қақпанынан аман қалды. Мамандардың айтуынша, алаяқтар көбіне телефонның көмегімен құйтырқы әрекеттерін іске асырады екен. Жалған инвестициямен қызықтырады. «Дропперлік» карталарға қатысты күмәнді операциялар да жиі жасалады. Антифрод орталығы банктер, құқық қорғау органдары мен байланыс операторларының қауіпсіздік жүйесін біріктіреді. Бүгінгі таңда оған 200-ден аса ұйым қосылған. Енді Ұлттық банк жасанды интеллект көмегімен алаяқтардың схемаларын алдын ала болжауға көңіл бөледі. Сонымен қатар орталықтың деректері Бас прокуратура мен байланыс операторларының деректер базасымен біріктіріледі.
Ерлан Ашықбеков, ҚР Ұлттық банкі төлем жүйелері департаментінің директоры:
- Жасанды интеллект технологиясын қолдану қазір әзірленіп жатыр. Яғни, жасанды интеллекті қолдану арқылы біз тек қана бүгінгі жасалып жатқан алаяқтық операцияларға қарсы әрекет етіп қана қоймай, сонымен қатар болашақта болуы мүмкін алаяқтық операциялардың алдын алу үшін және оны болдырмаудың, біздің азаматтардың қаражаттарын сақтаудың жаңа жүйесі, жаңа технологиялық құралдары әзірленетін болады.