Өткен жылдың соңында өңір басшысы Ербол Қарашөкеев «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын бастап берді. Әкім қолға алған жобаны облыстық білім басқармасы мен «Жамбыл облысы Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігін әрмен қарай сәтімен жалғастырып, «Ой шебері» зияткерлік ойынын бастап кетті.
Өңірдегі барлық мектепте көркем әдебиетті насихаттауды басты мақсат еткен жобаға ұзын саны 90 команда қатысуға ниет білдірсе, олардың ішінен іріктеліп алынған бірнеше мектептің командасы гранд-финалға жолдама алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қорытынды ойында топ жарған ұжым 2 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болмақ.
Зерделі жастардың басын қосқан ойын бірнеше ауданда ұйымдастырылды. Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртаза туған Жуалы ауданында өткен зияткерлік ойында Шерағаның «Бесеудің хаты», Бауыржан Момышұлының «Алыстан сәлем жолдаймын», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Күләш Ахметованың «Бақ» өлеңдер жинағына қатысты сұрақтар таңдалыпты.
Алты кезеңнен тұратын ойында жасөспірімдер жоғарыда аталған кітаптарды барынша ынтызарлықпен оқығанына куә болдық. Оннан астам команданың бір деңгейде жауап беруі, үздіктердің қосымша кезеңде анықталуы сөзімізге дәлел болса керек.
Зияткерлік ойын қорытындысында Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп лицейінің ұжымы жеңімпаз атанып, гранд-финалға жолдама алды. Сондай-ақ 30 мектептің ішінен үздік шыққан командаға 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Енді бұл команда кіл үздіктер топқа түсетін жылдың басты ойынында бақ сынайды.
Таразда өткен қалалық ойынды ұйымдастырушылар Мұхтар Әуезовтің, Тахауи Ахтановтың, Әлдихан Қалдыбаевтың шығармаларына арнады. Нәтижесінде, №15 мектеп гимназиясы мен №23 орта мектеп оқушылары үздік шықты. Ал шалғайдағы Мойынқұм ауданында ұйымдастырылған іріктеу кезеңінде Шығанақ орта мектебі жеңімпаз атанса, Шу ауданының үздігі болып Абай орта мектебінің командасы танылды. Аталған командалардың барлығы гранд-финал ойынына қатысып, 2 млн теңгеге таласады.
Жамбыл облысы