Жыл басынан бері елімізде алимент төлемегені үшін 126 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы Мақсат Балабеков мәлімдеді.
Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және осы саладағы қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады. Биылғы I тоқсанда сот орындаушылары 5,9 млн құжатты қараған. Оның ішінде толық көлемде орындалғандары – 489 мың. Нәтижесінде, мемлекет кірісіне 10,6 млрд теңге өндірілген.
– Әлеуметтік маңызды санаттардың бірі саналатын алимент өндіріп алу бойынша 285 мың құжат тіркелді. Олардың ішінде 278 мыңға жуық құжат мерзімінде өндіріп алынып жатыр. Яғни алимент борышкердің жұмыс орнынан ай сайынғы жалақысынан ұсталады. 2025 жылы алимент бойынша өндіріп алынған берешек сомасы 1,6 млрд теңгеден асады, – деді М.Балабеков.
Спикердің айтуынша, қазір елімізде алимент төлеуден жалтарып жүргендер саны 15 мыңды құрайды. Олардың берешегі шамамен 19 млрд теңгеге жеткен. Осы орайда сот орындаушылары ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, борышкерлердің автокөліктерін арнайы айыппұл тұрағына қамау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Әрі қарай берешекті өндіріп алу үшін мүлікті өткізеді.
Қазіргі таңда жеке сот орындаушылары борышкердің табысын қасақана жасыруын болдырмау мақсатында олардың электрондық ақшалары мен жасырын кірістерін анықтауға бағытталған жұмыстарды қарқынды жүргізіп жатыр. Борышкерлерге қатысты қолданылатын шаралардың ең соңғысы – оларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту. Биыл 1 596 борышкер әкімшілік жауапкершілік арқалады.