Current Date: 13-06-2025

«Абай еліне саяхат» жобасы басталды

Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Әлихан Бөкейхан Университетінің бастамасымен «Абай еліне саяхат» жобасы қолға алынды . Бұл туралы Ғылым және жоғарғы білім министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

«Абай еліне саяхат» – жоғары оқу орындарының білім алушылары үшін арнайы әзірленген, тарихи және мәдени мұраларды, қазақ халқының ұлы тұлғаларының ізі қалған ғимараттар мен елді мекендерді аралауға мүмкіндік беретін танымдық-туристік жоба.

2 маусымда басталған жоба тамыз айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындарының студенттері бірнеше күн бойы, арнайы экспедициялық топ құрамында Семей өңіріндегі тарихи жерлер мен музейлерді, оның ішіндегі Жидебайдағы Абай музей-үйі мен «Абай мен Шәкәрім» мемориалдық кесенесін аралайды.

Танымдық экскурсиялардан бөлек білім алушылар үшін бірлескен кино көрсетілімдер, пікір алмасу кештері, қызықты ойындар мен тимбилдинг сессиялары ұйымдастырылады.

дд

Жобаға қатысуға алғашқылардың бірі болып Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттері барған. Білім алушылар Әлихан Бөкейхан университетіндегі жастармен бірге Семейдің тарихи орындары мен көрікті жерлерін аралап, Жидебайдағы Абай музей-үйі мен «Абай мен Шәкәрім» мемориалды кешеніне сапар шеккен.

Университеттің Студенттер үйіне орналасқан білім алушылар үшін мәдени-сауықтық бағдарлама мен әлемге әйгілі қарағайлы орман аумағында өткен арнайы тимбилдинг шарасы ұйымдастырылған. Сапар аясында ХАТУ студенттері Семей жұртшылығы мен қала қонақтарына арнайы дайындап әкелген «Абай еліне тарту» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.