Алматыда TikTok әлеуметтік желісі арқылы құмар ойын ұйымдастырған екі тұрғынға сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
ҚМА-ның баспаөз қызметінің мәліметінше, тергеу барысында күдіктілердің тұрақты түрде тікелей эфир өткізіп, құмар ойын ұйымдастырғаны анықталған.
"Азаматтар ойынға қатысу үшін ақша қаражатын банктік қосымшалар арқылы ұйымдастырушылардың шоттарына аударып отырған. Жиналған заңсыз табыс көлемі 10,5 миллион теңгені құрады", — делінген хабарламада.
Сот үкімімен екеуі де заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылған. Олардың біріне 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру, екіншісіне 2 жыл 6 айға бостандығын шектеу түріндегі жаза белгіленген.
ҚМА өкілі TikTok-тағы ойындардың негізгі аудиториясы жастар болғанын атап өтті.