Current Date: 14-03-2025

АҚШ-та 2 млн-ға жуық шетелдіктің уақытша тұру мәртебесі жойылмақ

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !

АҚШ-та жаппай депортация қарқын ала түсті. Трамп әкімшілігі тек шекараны заңсыз кесіп өткендерді ғана емес, Америкада болуға уақытша заңды мәртебесі бар екі миллионға жуық шетелдікті елдеріне қайтармақ. Тіпті соғыстан жан сауғалап келген жүз мыңдаған украиналыққа депортация қаупі төніп тұр.

Байден әкімшілігінің тұсында 1,8 миллион мигрантқа уақытша заңды тұру мәртебесі берілген. Оның көбі өз елдеріндегі түрлі қақтығыстар мен саяси тұрақсыздықтан жан сауғалап келген адамдар. Алайда Трамп билік тізгінін алған бойда жарлық шығарып, ішкі істер министрлігіне уақытша тұруға құқық беретін барлық гуманитарлық бағдарламаларды тоқтатуды міндеттеді. Бұл өзгеріс Ресей Украинаға басып кіргенде мұхит асып АҚШ-қа жеткен мыңдаған украиналыққа да әсер етуі мүмкін.

Андрей Добрианский, Украина диаспорасының өкілі:

Бұл адамдардың көпшілігінде қайтып оралатын үйі жоқ. Біз толықтай қирап, үйіндіге айналған қалалардан шыққан адамдар туралы айтып отырмыз. Оларды қайда жібереміз? Барар жері жоқ болса не істеу керек?!

Жалпы 240 мың украиналыққа АҚШ-та уақытша тұруға рұқсат берілген. Кейбір дереккөздерге сәйкес, украиналықтардың мәртебесі сәуір айында жойылуы мүмкін. Алайда Трамп әлі нақты шешім шығарған жоқпын деп отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Бұл мәселені әлі қарап жатырмын. Кейбір адамдар бұл дұрыс деп ойлайды, ал кейбіреулері олай емес. Мен жақын арада шешім қабылдаймын. Біз оларды, әсіресе украиндарға, зиян тигізуді мақсат етпейміз, өйткені олар өте көп қиындықтарды бастан өткерді.

Бірақ Украина секілді еліндегі тұрақсыздықтан қашып келген Куба, Гаити, Никарагуа және Венесуэла азаматтары бірінші кезекте елдеріне қайтарылмақ. Осы айда ұзын саны жарты миллионнан астам адамның мәртебесі жойылуы мүмкін. Бұл оларды жылдам депортациялауға жол ашады. Бұл қауіп тәліптер Ауғанстан билігін қайта басып алған кезде бас сауғалаған 70 мыңнан астам ауғандыққа да төніп тұр.

Жалғас Сәдібекұлы