Current Date: 14-06-2025

«Қазақтар кім өзі?» – Дженнифер Лопестің менеджерлері билеттердің үш сағатта сатылып кетуіне таңғалды

Әлемге әйгілі америкалық поп-дива Дженнифер Лопестің Астана мен Алматы қалаларындағы концерті Қазақстанда рекорд орнатты. Бар болғаны үш сағат ішінде билеттер толықтай сатылып кетіп, ұйымдастырушылар мен әншінің менеджерлерін шынайы таңданысқа қалдырды , деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Astana Concert продюсері Мәлік Хасеновтің айтуынша, бұл — әншінің гастрольдік сапарындағы алғашқы sold out оқиғасы. Лопестің командасы бұл жаңалыққа сенбей, бірнеше рет билеттердің сатылу көрсеткіштерін қайта тексеруді сұраған. «Біз растадық. Олар: “Бұл қандай нарық?”, “Қазақтар деген кім?”, “Неге олар Дженнифер Лопесті сонша жақсы көреді?” деп таңғалды», – деді Хасенов.

Концертке билеттерді 29 елдің тұрғындары сатып алған. Тек көршілес мемлекеттер ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Швейцария, Қытай, БАӘ, Сауд Арабиясы, Түркия мен Мексикадан да көрермендер келеді. Бұл – Қазақстанның мәдени туризм саласына деген сұраныстың артқанын дәлелдейді.

Алматы қаласының туризм басқармасы келтірген деректерге сүйенсек, елге келген әр турист кемінде 3-5 күн аялдап, орта есеппен 1500 АҚШ долларын жұмсайды. Егер 8000-ға жуық шетелдік қонақ шоуға орай Қазақстанға ат басын бұрса, қонақ үйлер, дәмханалар, мейрамханалар мен экскурсия қызметтері арқылы ішкі нарыққа құйылатын қаржы шамамен 5 миллиард теңгеге жетпек. Бұл — бір ғана концерттің ел экономикасына беретін серпіні.

Үкімет концерт ұйымдастырушыларын қолдап, оларға министрлер кабинетінің отырысында ұсыныс білдіру мүмкіндігін берген. Осыдан кейін шоуға қызығушылық күрт артып, медианың назары да еселене түсті. Бір ғана жаңалықты 91 отандық және шетелдік ақпарат құралдары таратқан.

Ауқымды жобаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы мақсатта шілде айының басында Астана мен Алматыда ҰҚК және құқық қорғау органдарының қатысуымен кеңейтілген жиындар өтеді. Хасеновтің айтуынша, концертке келетін әр адам өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Себебі бұл — халықаралық деңгейдегі шара. «Қауіпсіздік – бірінші орында. Біз өз жауапкершілігімізді түсінеміз. Мемлекет те бұл бағытта бізбен бірлесе жұмыс істеуде. Бірақ жоба – толықтай жеке қаражат есебінен жүзеге асып жатыр. Бюджеттен бір тиын да бөлінбеген», – деді продюсер.

Дженнифер Лопес Қазақстанда екі қалада өнер көрсетеді: 1 тамыз күні Астанадағы «Астана Аренада», ал 10 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда.