Current Date: 14-06-2025

Ақтөбе облысында Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған іс-шаралар өтіп жатыр

Биыл Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл. Қазақтың қайсар қызы Ақтөбе облысының Бұлақ ауылында 1925 жылдың маусым айында дүниеге келген. Батырдың туған өлкесінде бүгін ауқымды шаралар өтіп жатыр.

Облыс орталығында «Ғасырларға жалғасқан ерлік» форумы ұйымдастырылды. Оған Әлия Молдағұлованың өмірін зерттеуші ғалымдар мен қоғам белсенділері қатысты.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Әлияның 100 жылдығына арналған шаралар өңірде жыл басынан өтіп келеді. Дегенмен, батырдың туған күні қарсаңында облыс орталығында ауқымды форум өтті. Оған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, Мемлекет басшысының атынан қатысушыларды осы айтулы күнмен құттықтады. Осы жиынға батырдың оқушы шағы өткен Ярославь облысындағы Вятское ауылының патриоттық орталығының жетекшісі де келген. Алыстан жеткен мейман әйгілі мергеннің жеткіншек шағынан естеліктер жеткізді.

Антон Плотников, авиациялық колледждің оқытушысы:

- Біз барлық ақпаратты көздің қарашығындай сақтап жүрміз. Ақтөбедегі облыстық мұражайға Әлияны әскери оқуға қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін табыстадық. Биыл бізде де Әлияның 100 жылдығына орай ауқымды шара өтті. Әлия білім алған авиация колледжі оқушылары еске алу кешін ұйымдастырды.

Қонақтар қаршадай жасында қан майданда ерлікпен қаза тапқан бтырдың тағдыры мен өмір жолын бейнелейтін жаңа мюзикл-спектакльді тамашалады. Бұл қойылым батырдың биылғы 100 жылдығына арнайы жазылған жаңа туынды.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Ал негізгі іш-шара Әлия Молдағұлованың кіндік қаны тамған осы Қобда жерінде өтіп жатыр. 80-нен астам киіз үй тігіліп, олардың ішінде Ә. Молдағұлова, М.Мәметова, Х.Доспанованың өмірі мен ерлігіне арналған мұражай ұйымдастырылған. Құнды жәдігерлер жеткізілді. Облыстық драма театрының әртістері батыр қыздың балалық шағынан қойылым ұсынды. Қадірлі меймандардың арасында Әлияның ет жақын туыстары да бар. Солардың бірі – Тәжен Жаңабергенова.

Тәжен Жаңабергенова, Ә.Молдағұлованың сіңлісі:

- Туған сіңілісімін. Бір әкеден шықтық қой. Әлия, мен Әріп деген апам. Мен Әлия туралы білетінім, Әлияның бір жазған хаттары болды. Тек қысқа ғана. Көке дейді әкесін. «Көке, амандық болса, аман болсам, елге қайтамын», - деген. Басқа ештеңе жазбады. Бұл Әлияның еңбегі еш уақытта өлшпейді. Әлия деген қыршын жанын қиып, қарғадайынан өзі сұранып соғысқа кетті Отаны үшін, халқы үшін. Оны ешкім естен шығармайды.

Концерттік бағдарлама спорттық сайыстарға ұласты. Қазақша күрес пен аламан бәйге өтті. ал кешке Ақтөбенің орталық алаңында үлкен гала-концерт өтеді.

Авторы: Мансұр Есқожин