Елде жыл сайын 600-ге жуық бала онкологиялық ауруға шалдығады екен. Статистика жаға ұстатарлық. Десе де, сырқат ерте анықталған жағдайда басым бөлігі сәтті емделеді.
Соның ішінде сүйектің қатерлі ісігі мен қан ауруы да бар. Бұрын мұндай дертке шалдыққандар шетел асатын. Қазір керісінше, мұхит асып бізге келіп жатыр. Отандық дәрігерлер жақсы жетістікке қолжеткізіп жатыр. Біздің тілшілеріміз Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында болып, ондағы ахуалды біліп қайтты.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Жасөспірім 14 жаста. Оған сүйектің қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Осыдан 10 күн бұрын буынды эндопротездеу операциясы жасалды. Қазір жағдайы жақсы. Ауруханадан шыққан соң химиятерапия алады. «Ота сәтті өтті, өміріне қауіп жоқ», -дейді дәрігерлер.
Шухрат Розиев, балалар онкологиялық хирургі:
- Жасөспірімнің тізе буынында ісік бар екені анықталды. Операцияны 4 маусымда жасадық. Зақымданған буын мен сүйекті алып тастап, орнына эндопротез қойдық. Міне, бір аптадан асты, ақырындап оңалып келеді. Әрине, оңай ота емес. Бала әрі қарай химиотерапияны жалғастырады.
Остеосаркома – сүйектің сирек кездесетін қатерлі ісігі. Көбіне 10 жастан асқан балаларда жиі кездеседі. Осы ғылыми орталықта 2012 жылдан бері 100-ден астам науқасқа мегаэндопротездеу операциясы жасалды. Яғни, тізе, иық, жамбас буынын алмастырды. Қазір заманауи медицина зақымданған аяқ-қолды сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Шухрат Розиев, балалар онкологиялық хирургі:
- Эндопротездеудің нәтижесінде балалар толыққанды өмір сүруін жалғастырады. Тек зақым келген буынды, сүйекті алмастырып береміз. Одан кейін олардың өмір сүру сапасы жақсарады. Оқудан бөлек, спортпен айналысуына болады. Жалпы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жылына 400-ге жуық операция жасалады. Оның ішінде бұдан бөлек іш қуысы мен бүйректің қатерлі ісігі бар.
Сондай-ақ орталықта қан ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиясы сәтті енгізіліп жатыр. 2012 жылдан бастап мұнда сүйек кемігінің ішіне трансплантация жасалады. Оған қоса, иммундық және таргетті терапия жақсы нәтиже көрсетіп отыр.
Гауһар Нұржанова, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бөлім басшысы:
- 2012 жылдан бері біз 500-ден астам трансплантация жасадық. Бастапқыда аутологиялық трансплантация болатын. Ол кезде науқас өзіне донор болады. Қазір аллогендік трансплантация қарқын алды. Бұл кезде басқа адам донор атанады. Ол туысқаны немесе басқа бөтен адам болуы да мүмкін. Жоғары технологиялық әдіс-тәсілдер балаларға өмір сыйлайды десек те болады.
Жақында ғылыми орталық дәрігерлері тағы бір ерекше операцияны сәтті жасады. 15 жастағы қыздың ішінен 4 келіге жуық ісік алып шықты. Науқас ішінің үлкейіп кеткендігін айтып шағымданған. Тексеріс барысында аналық бездің ісігі анықталған. Биопсия қатерсіз ісік екенін көрсетті. Қазір жасөспірім тұрғылықты жердегі дәрігерлердің бақылауында. Өміріне қауіп жоқ.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов