Current Date: 14-06-2025

Батысқазақстандық ғалымдар 700 мыңдай киік басын реттеуді ұсынды

Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің ғалымдары биыл өңірде 700 мыңдай киікті аулауды ұсынды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл ақбөкеннің Орал популяциясының шамамен 20%-іне тең. Мамандардың мәлімдеуінше, өңірде бөкен басы 3,5 миллионға жеткен. Сәуір айында олардың басым бөлігі Ресей өңірлері мен әскери полигон жерінде жүретіндіктен жабайы жануарларды санақ кезінде тікұшақпен дәл есептеу мүмкін емес.

«Астықты алқаптарды таптап, ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіріп жатқан киік санын кешіктірмей реттемесе, азық-түлік қауіпсіздігіне орасан нұқсан келеді», — дейді ғалымдар.

Әлжан Шәмшідін, БҚАТУ проректоры:

- Жалпы ұсыныс 20-30% айналасында санын реттеу. Негізі мынадай саны қатты шектен тыс көбейіп кеткен уақытта 40%-ке дейін алу ұсынылады. Ал мынадай санының көптігіне және облыс аумағында оны өңдейтін ет комбинаттарының саны аздығына байланысты 20% ұсыныс береміз. Қазір АШМ Ветеринария комитеті берген мәлімет бойынша бүкіл Қазақстан бойынша 25 ет комбинатымен келісім бар. Біздің облыстағы 4 ет комбинаты келісім берді. Сол төртеуі сол уақытта басқа жануарларды өңдемей, істейтін болса, үлгеріп қалуы мүмкін.