Дональд Трамп заңсыз мигранттарды депортациялау шараларын күшейтуді тапсырды.
Бұл Лос-Анджелестегі жаппай наразылықтардан кейін қабылданған шешім. Ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Лос-Анджелес, Чикаго және Нью-Йорк сияқты ірі қалалардағы миллиондаған заңсыз шетелдекті ұстау және депортациялау жұмыстарын кеңейту қажет" деп жазды. Енді қазір бірнеше штатта рейд жұмыстары қатаңдатылды. Сондай-ақ Лос-Анджелесте коменданттық сағат уақыты 10 сағаттан 8 сағатқа қысқарды. Бұл құжатсыз жүрген шаруалардың жағдайын қиындатып жіберген.
Бұл Калифорния штаты Окснард қаласындағы құлпынай алқабы. Әдетте бұл маусымда жұмысшылар өріп жүретін. Ал қазір қаңырап тұр. Өйткені құжаты жоқ шаруалар рейдтерден қорқып, үйлерінен шықпай отыр. Мән-жайды шаруалардың көршілері айтып берді.
Алекс Рамос, қала тұрғыны:
- Егер оларға дүкеннен бірдеңе қажет болса, қоңырау шалып не қажет екенін сұрап әкеліп береміз. Өйткені қазір олар сыртқа шығуға қорқады. Бұл дұрыс емес қой.. Олар өзіміздің адамдарымыз. Сондай еңбекқор жандар. Енді олардың орнына кім жұмыс істейді?! Ешкім.
Иммиграциялық саясат аясында күніне 3 мың заңсыз мигрант тұтқындалу керек. Жаппай наразылықтардан кейін шаралар екі есе қатаңдатылды. Ал елдегі жұмыс күшінің басым бөлігі мигранттардың үлесінде. Қазір біраз шаруа тоқтап тұр. Бұған жұмыс берушілер алаңдаулы.
Пабло, ұлттық еңбек желісінің директоры:
- Лос-Анджелестегі құрылысшылардың 40 пайызы мигранттар. Құжаты жоқ болғанымен олар еңбек күшінің ең көп бөлігін қамаамасыз етеді. қазір онсыз да қара жұмысшылар жетіспей жатыр. Оларға мүмкіндік беру керек деп ойлаймын.
7 маусым күні Лос-Анджелес аймағында федералды иммиграциялық рейдтерге қарсы жаппай наразылықтар басталғалы бері полиция 561 адамды тұтқындаған. Бұл сандар әлі де көбеюі мүмкін.
Фариза Жанғанаева