Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 9-12 маусым аралығында Алматы қаласында конкурстық іріктеудің екі кезеңінен сәтті өткен киножобалардың питчингін өткізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, ашық қорғау форматында ұйымдастырылған питчингте Сараптама кеңесі 99 жобаны жан-жақты талдады.
Талқылау соңында Сараптамалық кеңес дауыс беру өткізді. Нәтижесінде ұлттық фильм мәртебесіне үміткер 33 киножоба оң қорытынды алды. Әрі қарай жобалар Ведомствоаралық комиссияның қарауына жолданады, — делінген мәліметте.
Биыл байқауға қызығушылықтың жоғары болғанын атап өткен жөн. Конкурсқа барлығы 444 өтінім түсті, олардың ішінде көркем, деректі және анимациялық фильмдер секциясы қамтылды.
Сараптамалық кеңестің қарауына 357 жоба жолданды. Бағалау нәтижесінде 128 сценарий мен сценарийлік жоспар екінші кезеңге өтті. Бұл кезеңде қатысушылар толық құжаттар пакетін ұсынды. Қорытындысында 99 жоба питчингке жіберілді.