Current Date: 18-06-2025

Әлем қақтығыстан көз ашпай тұр

Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде 50-ден астам қақтығыс болып жатыр. Күніне ондаған, жүздеген адам қаза табады. Бейбіт келісімнен гөрі кикілжің, дау-шар көп. Ал мұндай келеңсіздік неге көбейіп кетті?

Иә, жаһаннан тыныштық кетіп барады. Қазір бірқатар елде әуежайлар жабылып, қауіп күшейіп барады.

Әлем қақтығыстан көз ашпай тұр

Былтыр 36 елде 61 қарулы қақтығыс болған. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жаһанның түкпір-түкпіріндегі түрлі текетірестер жөнінен ақпар беретін ACLED ұйымының сарапшылары осындай дерек келтіреді. Иә, әлемдік геосаяси аренада келеңсіздік жайлап барады. Кейінгі 4 жыл ішінде миллиондаған адам қаза тапқан. Әсіресе Ресей мен Украина қақтығысы, Таяу Шығыстағы жағдай күннен күнге ушығып, жаһан назарын аударды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, оны реттеу мақсатымен Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған болатын. Алайда түйткілдің түйінін шешуге әлем болып жұмылса да, қантөгістердің нүктесі қойылар емес.

«Біз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең қауіпті кезеңге кірдік. Қақтығыстар күшейіп, бақылаудан шығып барады. Мыңдаған қарулы топ әрекет етіп жатыр. Бұл әлемде бейбітішілік пен тұрақтылықты сақтап қалуға кедергі келтіреді» — Кленад Рейли, ACLED директоры.

Қақтығыс кезінде қаза тапқан бала көп

Аштық, босқынға айналу, жұмыссыздық, кедейлік, валюта құнсыздануы, инфляция, инфрақұрылымның қирауы – осының бәрі қақтығыстардың кері салдары. Осло бейбітшілік институтының мәліметінше, қазірде қақтығыс аймағында өмір сүретін адамдар саны 1990 жылдармен салыстырғанда екі есе өскен. Соның ең сорақысы Газа секторында. Израиль әскерінің қоршауында қалған 2 миллионнан аса тұрғын босып кетті. Қазір халықтың 80% астамы өлместің күнін кешіп жүр. Мұнда 2023 жылдың күзінен бері 50 мыңнан астам адам қаза тапқан. Оның үштен бірі бала. Қаралы тізімде 200-ден аса сәби бар. Әңгіме жазықсыз бала туралы болғанда бұл көрсеткіш көпті бейжай қалдырмасы сөзсіз.

Рияд Мансұр, БҰҰ палестиналық елші:

- Менің де немерелерім бар. Отбасымыздың бар қызығы солар. Ал Газадағы бала өлімінің күн сайын артып жатқанын көріп, бақылап отырмыз. Мұны қабылдау өте қиын. Тіпті мүмкін емес.

Қақтығыстарға байланысты әуежайлар жабық

Биыл қақтығыстар мен қауіпсіздікті сақтау мақсатында әлем бойынша 70-тей әуежай жұмысын уақытша тоқтатты. Таяу Шығыстағы келеңсіздіктерге байланысты Израиль, Иран, Ирак, Сирия, Ливан және Иорданиядағы бірнеше әуежай уақытша жабық. Ирандағы Тебриз әуежайы әуе шабуылдарынан кейін зақымдалып, толық жабылды. Үндістан мен Пәкістан арасының ушығуына байланысты қазір Үндістанда 32 әуежай, ал Пәкістан өз әуе кеңістігін толығымен жапты, соның ішінде Лахор және Исламабад әуежайлары. Ал Ресей Мәскеу мен басқа қалалардағы, нақтырық айтқанда, Қазан, Пенза, Саратов, Ульяновск және тағы басқа ондаған әуежай дрон қаупіне байланысты уақытша жабылды. Украинада 20 азаматтық әуежайдың шамамен 15-і жабық, әуе кеңістігі толық жабылды. Сондай-ақ қақтығыстардың ушығуына байланысты дипломотиялық келісім жүргізу қиындап, қазір бірқатар елде 50-ден астам елшілік өз жұмысын уақытша тоқтатты. Оның ішінде 28-і Израильдің консулдықтары.