Current Date: 19-06-2025

Әлемде кітап оқу үрдісі күрт төмендеген

Әлемде кітап оқу машығы жылдан жылға азайып барады. Ақылды гаджеттер шыққалы кітап оқу үрдісі күрт төмендеп кеткен. Соңғы жүргізілген зерттеулерге сай әлемде ең көп кітап оқитын елдер тізімін Үндістан бастап тұр. Бұл елде бір адам жылына шамамен 17 кітап оқиды.

Айдос Әшімұлы, тілші:

ЮНЕСКО-ның есебіне сай Түркия кітап көп оқитын елдер тізімінде 18 орында тұр. Ғалымдар бұл көрсеткіш жылдан жылға төмендеп бара жатқанын айтады. Сондықтан түркиялық мамандар балаларды жастайынан кітап оқуға ынталандыру үшін түрлі жобаларды жүзеге асыра бастады.

Ыстамбұлдағы орта мектептердің бірінде оқушыларды кітап оқуға үндеу үшін ерекше жобалар қолға алынған. Бұл жерде балалардың ата-аналарымен бірге кітап оқу сағаттары белгіленді. Осылайша оқыған кітаптары негізінде оқушылардың, ата аналар мен ұстаздардың қатысуымен пікірталастар мен сайыстар ұйымдастырылады.

Ержан Йылдыз, мектеп директоры:

Тоқсан сайын сайыс өткізіп, ең көп кітап оқыған үш оқушыға бағалы сыйлықтар береміз. Бұдан бөлек мектебімізде мұғалімім не оқиды деген арнайы бұрышымыз бар. Сол жерге ұстаздардың оқыған кітаптары мен сол туралы өздерінің жазған қысқаша пікірлерін қоямыз. Мұғалімдердің үлгі болып, кітап оқуы балалардың да оқуға ынтасын арттыра түседі.

Мектептің шағын кітапханасы кітапқұмар оқушылар үшін әрдайым ашық.

Сауалнама:

- Күнде таңертең және кешке бір сағат кітап оқимын. Әсіресе шағын әңгімелер оқығанды ұнатамын.

- Кітап оқығанды қатты жақсы көрем. Балаларға кітап оқу арқылы армандаудың қаншалықты қызықты екенін жеткізгім келеді.

Ал мектеп қабырғасындағы балалар міндетті түрде оқуы тиіс кітаптар тізімінде түркиялық қаламгерлердің шығармаларына басымдық берілген.

Ержан Йылдыз, мектеп директоры:

«Мен оқимын, Ыстамбұл да оқиды» жобасы аясында кітапханасы жоқ мектептерде кітапханалар ашылды. Сондай-ақ «Анадолы жазушылары» жобасы аясында әр мектептің кітапханасында болуы тиіс түрік жазушылары кітаптарының тізімі жасалды. Осының бәрі балалардың оқитын кітап таңдауына оң әсер етеді деп ойлаймын.

Мамандар бір елдің кітап оқуға құлшынысының артуына тек қана білім беру емес, экономикалық және саяси тұрақтылық та әсер етеді дейді. Сондай-ақ кітапханалар желісінің көптігі, кітап бағасының қолжетімді болуы да жастардың кітап оқуына ықпал ететін факторлар.

Айдос Әшімұлы